Ақүй әкімшілігінің Сүрия дағдарысына байланысты жаңа бағдарламасы ресми Дамаскте билік басында Башар Асадтың қалуын қолдайды деп жазады The Daily Beast басылымы.

The Daily Beast газетінің мәліметінше, АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон жасап шыққан жаңа бағдарлама бойынша, Уашингтон алдағы уақытты Сүрияда билік басында Башар Асадтың қалуы мен Сүрия аумағында Ресей ұсынғандай қауіпсіз аймақтар құруға және сол аумақтарды ресейлік әскерилердің қорғауына толықтай келіседі.

Бірақ, АҚШ әскерилерінің көмегімен «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымынан тартып алынған жерлер Башар Асад билігіне қайтарылып берілмейді және ол жерлерге Пентагон өз әскерлерін кіргізбейді. Жаңа бағдарламаға сәйкес бұл жерлер Сүриядағы Уашингтон жақтастарының иелігіне өтеді.

Ақүйдің Сүрия дағдарысына байланысты жасалған жаңа бағдарламасы G20 саммиті аясында Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ басшысы Дональд Трамп кездесуінде талқыланады деп күтілуде.

“The Qazaq Times