АҚШ Пхеньянмен сауда жүргізген кез-келген елге қарсы санкция жариялайды. Бұл туралы БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің отырысында АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли мәлімдеді. 

«Біз Корей Халық Демократиялық Республикасынан бөлек, онымен сауда байланыстарын орнатқан кез-келген елге қарсы қатаң шаралар қолданатын боламыз. Бүгінде Солтүстік Кореяның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің резолюциясын бұзуына жол беріп отырған мемлекеттер бар. Ол елдердің АҚШ-пен экономикалық, дипломатиялық байланыстарына үлкен зиян келуі мүмкін».

Тұрақты өкіл Солтүстік Кореяның сыртқы сауда айналымының 90 пайызын қамтамасыз ететін Қытайға ерекше ескерту жасады.  "Біз бейбітшілікті қалайтын кез-келген елмен достық қарым-қатынасымызды жалғастыра береміз. Оның қатарында Қытай да бар. Бірақ бүгінгі "қауіпті" күнге жеткізген өткеннің қателіктерін қайталауға болмайды" деген Никки Хейли Ресей өкіліне бағытталған жолдауында Пхеньянның соңғы әрекеттерінен кейін әлемдік қауымдастық болып, Солтүстік Кореяға қарсы шараларды қатаңдатуға шақырды. "Егер сіздер бұл ұсынысты қабылдамасаңыздар, АҚШ бұл шиеленісті шешуде өз жолын таңдайды".

Бұл батыл мәлімдемеге қарап, Ресейдің Федерация кеңесі қауіпсіздік комитетінің мүшесі Алексей Пушков: "Солтүстік Корея - Д.Трамп үшін "Ирак"-қа айналуы мүмкін. Буштың тұсында Иракта болған соғыс өрті Обаманың кезінде Ливияда жалғасын тапты. Енді Трамп үшін Солтүстік Корея Ирактың тағдырын қайталауы мүмкін" деген болжам жасады.

“The Qazaq Times”