Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасының бірінші кезеңі аяқталды. Нәтижесінде мұнай өңдеу тереңдігі 80 пайызға артып, өнім шығару көлемі жылына 6 млн тоннаға, жанармай өндірісі 3 есе көбейді. Сондай-ақ, Еуро-4 және Еуро-5 экологиялық стандартпен жанармай шығарыла бастады,  деп хабарлайды ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Осы жұмыстар бойынша болған салтанатты жиынға  Қытай Халық Республикасының  CNPC компаниясы Бас директоры  Биан  Дыжы  мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, зауыт жұмысына сәттілік тіледі.

Жаңғырту жұмыстарының бірінші кезеңінде Шымкент мұнай өңдеу зауытында шикізатты ыдыстарға саңылаусыз құятын қондырғы іске қосылды. Сондай-ақ қуаты жылына 1,5  млн тонна дизель отынын гидротазалайтын және жылына 4 мың тонна күкірт өндіретін қондырғы іске қосылып жұмыс істей бастады.  Айта кетейік, инновациялық тың технологиялар автоматты түрде басқарылады.

Мамандардың айтуынша, бұдан былай ауа ластанбайды. Ең бастысы – зауыттағы жұмыстардың бәрі қауіпсіз іске асырылатын болады. Кәсіпорын мұндай мүмкіндікке «Үдемелі индустриалды инновациялық даму» бағдарламасы аясында қол жеткізіп отыр.

Айта кетейік, 2 кезеңнен тұратын Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы «Үдемелі индустриалды инновациялық даму» бағдарламасы аясында 2011 жылы басталған болатын. Жобаның бас мердігері – Қытайлық СРЕСС компаниясы. Жобаны іске асыруға 30-да аса жергілікті мердігер компаниялар тартылған. Бүгінде зауыт акциясы «ҚазМұнайГаз-ӨМ» АҚ мен қытайлық «СNPC» компаниясына тиесілі.

Сондай-ақ зауытта жылына 4 мың тонна күкірт шығарылады. Құрылымдау жұмыстарының екінші кезеңі толық аяқталса, зауыт еліміздегі әлемдік талаптарға сай ірі кәсіпорынға айналатын болады. Жыл сайын Шымкент мұнай өңдеу зауытынан ішкі, сондай-ақ сыртқы нарықтарға 4 млн тоннаға жуық мұнай өнімдері тиеп жөнелтіледі.

“The Qazaq Times”