ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары соңғы кездері халықтың арасында екпеден бас тартатын жағдайлардың жиілегенін айтып, дабыл қағуда. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, соңғы бес жылдың ішінде аталмыш жағдайлар еселеп өсіп отыр. Мысалы, былтырғы жылмен салыстырғанда екпеден бас тартқан тұрғындардың саны 3 мыңнан бірден 9700-ге артқан. Сонымен, екпеден бас тартқан жөн бе, әлде бұл баланың болашағына қауіп төндіретін қате шешім бе? Осы сауалдардың жауабын іздеп көрсек...

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, екпеден бас тартқандардың 45%-ы үгіт насихаттың ықпалынан бас тартып отыр, ал 43% діни нанымдар мен сенімге қайшы келетін факторлардың негізінде бас тартып отырғандықтарын алға тартуда, 6% тұрғындар БАҚ өкілдерінен, интернет-ресурстардан алынған жағымсыз ақпараттардың әсерінен бас тартса, қалған 6%-ы екпенің сапасына күмәнмен қарайтындыратын айтқан.

Екпенің тарихына үңіліп, пайдасына тоқталып өтсек.

Медицина тарихыда инфекцияның иммундық алдын алу шарасын 1796 жылы ағылшын дәрігері Эдвард Дженнер алғаш екпе жасаудан бастапты. Ол Лондонда шешекке қарсы екпе бекеттерін ашып, ауруға қарсы белсенді иммунизацияны жүргізуді жолға қойып, мұның инфекциялы аурулардың алдын алудағы ең нәтижелі әдіс екендігін дәлелдеді. Осы тұста айта кетерлігі, қазақ топырағында шешекке қарсы екпе әдісін 1388-1487 жылдары өмір сүрген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы енгізген. Яғни, ол бұл әдісті еуропалықтардан бірнеше ғасыр бұрын пайдаланған және өзінің «Шипагерлiк баян» атты еңбегінде жариялаған болатын.

Дәрігерлердің айтуынша, вакцина биопрепарат болған соң, егуден кейін асқыну (баланың дене қызуының жоғарылауы, жергілікті ісінулер, аллергиялық реакциялар, сирек энцефалиттер) болуы мүмкін. Бірқатар ата-аналар осы аталған асқынуларды желеу қылып, екпеден бас тартуда. Жұқпаға қарсы егілмеген бала сол жұқпалардың қайнар көзі болып саналады, яғни инфекцияны таратушы. Ал егілген бала, тіпті ауырып қалған жағдайда да ауруы өте жеңіл түрде өтеді.

Екпе туралы Ата заң не дейді?

Елімізде балалардың құқығын, денсаулығын қорғау Ата Заңмен белгіленген. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 89-бабының 1.1-тармағында «Әрбір бала денсаулық сақтау жүйесінің заманауи және тиімді қызметін, ауруларды емдеу құралдарын пайдалануға және денсаулығын қалпына келтіруге құқылы» және 156-бабының 1-тармағында «Қазақстанда тұратын физикалық тұлғалар кепілді ақысыз медициналық көмек шеңберіндегі инфекциялық және паразитарлық ауруларға қарсы алдын алу екпелерін алуға міндетті» деген жолдар бар. Яғни, балаларына екпе жасаудан бас тартқан ата-аналар олардың құқығын бұзып, ұрпақ денсаулығына нұқсан келтіргені және жауапқа тартылуы мүмкін.

Екпеге қаржы қайдан бөлінеді?

2009 жылғы 30 желтоқсанда үкімет «Қарсы профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу ережесін және халықтың жоспарлы егілуге жатқызылатын топтарын бекіту туралы» №2295 қаулы қабылдаған-ды. Сол құжатқа сәйкес инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық егулер республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі. Екпелердің едәуір бөлігіне мемлекет тарапынан қаражат бөлінеді. Жергілікті бюджет «А» вирусты гепатиті, тұмау, күйдіргі, туляремияға қарсы егулерді қаржыландырады.

Бала туылғаннан бастап қандай екпелер егіледі және қандай аурулардың алдын-алады?

Жыл сайын вакцинаның арқасында 3 миллиондай сәби ажалдан аман қалып, 750 мыңдай бала мүгедектіктен арылады екен. Бұл – сарапшылардың вакцинасыз кезеңмен, уақтылы вакцина егілетін бүгінгі кезеңді салыстыра келе түйіндеген статистикасы.

Екпенің барлық түрлеріне тұрақты жалпы қарсы көрсеткіштер:

Екпені енгізгеннен 48 сағат өткеннен кейінгі күшті реакция (дене температурасының 40 °С және одан жоғары болуы, баланың 3 сағаттан артық ұзақ жылауы, фебрильді немесе афебрильді тыртысу, гипотониялық-гипореактивті синдром (коллапс);

Алдыңғы осы екпені енгізудегі асқынулар: (екпе жүргізгеннен кейінгі 24 сағат ішінде дамыған анафилактикалық шок, жедел аллергиялық реакциялар (Квинке ісігі, есекжем, бронхообструкция және т.б.), екпе енгізгеннен кейінгі 7 күн ішінде дамыған энцефалит немесе энцефалопатия).

Екпе егу туралы дінде не айтылған? Діни наным бойынша екпеге тыйым салынғандығы рас па?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстазы, Алматы қаласының орталық мешітінің  наиб – имамы Ерсін Әміре:

«Екпе егу Пайғамбарымыз саллалллаху әлейхи уа сәлләмнің дәуірінде болмағаны анық. Сол үшін де тікелей «екпе егуге болады немесе болмайды» деген хадис кездестіре алмаймыз. Олай болса, бұл мәселе шариғат негіздері мен нормаларына қайшы ма деген тұрғыдан қарастырылуы қажет. Екпеге діни негізде қарсылық білдірушілер де осы тұрғыдан харамға шығаруға тырысады. Олар «әлі келмеген, келуі күмәнді болған аурудан қорқып екпе егу – Алланың тағдырына қарсы шығу, болашақты болжау. Бұлай істеу - харам» дегенді алға тартады.  Әлі болмаған пәленің алдын алдын алу дінге қайшы емес. Керісінше асыл дініміз «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидатты мұсылмандарға үйретеді. Оған пайғамбарымыздың «Кімде-кім таңертең (Медине қаласының) әжуа құрмасынан жеті данасын жейтін болса, сол күні оған сиқырдың және удың зияны жетпейді» деген хадисі дәлел болады. Бұл хадисті екпе егудің дінге қайшы еместігіне дәлел ретінде шейх ибн Баздың өзі де келтіреді. Ол кісі елімізде көпшілік ерушілері екпе егуге қарсы болған сәләфия ағымының бетке тұтар шейхтарының бірі екендігі мәлім. Сондай-ақ, жеті құрма жеу болашақты болжау болмағандай, екпе егу де болашақты болжау емес. Жаңбыр жауса қолданамын деген ниетпен қол шатыр сатып алған адамды ешкім «харам істедің, тағдырға қарсы шықтың, тәуекел етпедің» дей алмас» - деген болатын.

Екпе жайындағы даудың басы қазақстандық телеарналардың бірінде берілген сұхбаттан да басталуы мүмкін. Төменде көрсетілген хабардың үзіндісінде екпенің ұрпақтан ұрпаққа берілу арқылы қан ауруларының пайда болуы мен бедеулікке алып келетіндігі жайында айтылған.

Екпенің емдік қасиетінен бұрын бизнестің көзіне айналған ақша табудың тәсілі болып отыр ма? Әлде бұл жоғарыда айтылған статистикаға сәйкес, интернет-ресурстар мен БАҚ өкілдері таратқан ақпараттардың жалған болуы мүмкін бе?
Әрине, осы секілді ақпараттардың ықпалынан ата-аналардың алдында үлкен жауапкершілік әрі қиын таңдау тұратыны сөзсіз.
Ендігі екпе салдырудан бас тартқан ата-аналардың ойын қарастырып көрсек.

Гаухар Киікова:  "Алдағы уақытта біз балаларға тек ең қауіпті деген жұқпалы аурулардан сақтайтын екпелерді салдыруды жоспарлап отырмыз, бірақ бұл баланың өзіндік иммунитеті қалыптасқаннан кейін, екпенің оның денсаулығына теріс әсері болмайтындай уақытта, 5-6 жастан кейін болады. Өкінішке орай, мен біздің емханаларға сенбеймін. Менің негативті тәжірибем бар және мұндай жағдаймен тек бір рет қана ұшырасқан жоқпын."

 

Вера Ишимова: "Алғашқы жылы баланың ағзасы қоршаған ортаға бейімделіп, нығая түседі деп есептеймін. Сондықтан, туғаннан бастап баланың ағзасына ауыртпашылық түсірмеген жөн. Үлкен ұлымыз дүниеге келген соң екпе салуға қарсылар мен оны құптайтындарды, ғаламтордағы мақалаларды оқыдым, дәрігерлермен кеңестім. Нәтижесінде, барлық артықшылықтар мен кемшіліктерін таразылап, екінші балама екпе салдырмаймын деп шештім. Оның үстіне үлкеніміздің сәтсіз тәжірибесі болды. Екпеден кейін ол көп ауыра беретін болды, онымен көп қиналдық".

Шынымен, екпені ектіру қажет пе, жоқ па, соңы ата-ананың жеке таңдауына келіп тірелетін секілді. Зияны туралы жар салып жатқан түрлі ақпараттарға сеніп салдырмасақ, қазіргі таңда көбейіп кеткен жұқпалы аурулар мен инфекциялардың алдында қауқарсыз қалатынымыз тағы бар. Ал "көзді жұмып" салдыра беретін болсақ, соңғы кезде ғалымдар анықтап жатқан түрлі дерт пен ұрықсызданудың да болмайтынына кім кепіл? Тағы бір жағынан, екпенің сан түрі пайда болып, міндеттеліп жатуы да - ақша табудың бір тәсілі болып отырғандай. Бірақ, негізгі екпенің қаржысын толықтай мемлекет төлеп отырғандықтан, бұл үлкен мәселе емес.

Енді тек жақсылыққа сеніп, "жамандықтың бетін ары қылсын" деуден басқа амал да жоқ секілді. 

“The Qazaq Times”