Ресейдің қаржы министрі Антон Силуанов пен Қырғызстанның қаржы министрі Адылбек Қасымалиев "Ресейдің Қырғызстанға бұрын берілген кредиттік қарызын реттеу туралы" келісімге қол қойды. Құжатқа Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбевтың Ресейге ресми іс сапары кезінде қол жеткізілді. 

Протокол бойынша, Қырғызстанның 240 млн доллар қарызы кешірілмек. Қарызды реттеу бойынша келісім 2012 жылдың 20 қыркүйегінде бекітілген. 2017 жылдың 30 наурызындағы жағдай бойынша Қырғызстанның Ресей алдындағы қарызы 240 млн долларды құрайды. Енді келісім күшіне енген соң қарыз 100%-ға жойылады.

Қарызды кешіру Ресейдің "Қырғыз Республикасын дамытуға ресми көмектесу" жобасы аясында жүзеге асырылмақ. Ресей 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында Қырғызстанның 30 млн доллар көлеміндегі қарызын кешірген. Сол жылдың маусым айында қарыз көлемі 270 млн доллар болған. Жалпы алғанда Ресей 11 жыл ішінде Қырғызстанның 703,2 млн долларға жуық сыртқы қарызын кешірді.

“The Qazaq Times”