ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев өзінің 2014 жылы Әзербайжан халықаралық банкіне зейнетақы қаржысын инвестициялау келісіміне қатысы бар деген ақпаратқа қатысты жауап берді. Ол бұл туралы бүгін журналистермен болған кездесу кезінде айтты. 

Айта кетейік, кеше Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Қайрат Келімбетов саясаттанушы Досым Сәтпаев пен «Қаржылық еркіндік» қамқоршылық кеңесінің басшысы Ботагөз Жұманованың Әзербайжан халықаралық банкіндегі зейнетақы қаржысына қатысты қойған сұрақтарына жауап беру кезінде зейнетақы қорының инвестициялық декларациясы басшылық тарапынан мақұлданғанын және оған Ұлттық банктің қазіргі басшысы Данияр Ақышевтың дауыс бергенін айтқан.

Ал Данияр Ақышев болса Келімбетоватың мұнай пікіріне жауап бере отырып, өзінің 2014 жылдың 28 тамызында Президент әкімшілігі  әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің басшысы болып тағайындалғанын атап өтті. 2014 жылы келісімге қатыспаған.

"Соңғы рет болған баспасөз конференциясының бірінде Әзербайжанның халықаралық банкіне инвестицияланған қаржыға қатысты сұрақ қойылған. Ал Мен  шешімді сол кезде Ұлттық банкте жұмыс ітеген адамдар қабылдағанын айттым. Нақты бір адамдардың атын атаған жоқпын. Бірақ Келімбетов мырза мені "бұл келісімге қатысы"бар деді. Ал мен мына нәрсені айтайын: 2014 жылдың 28 тамызында Президент Н.Назарбаевтың шешімімен Президент әкімшілігі  әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің басшысы болып тағайындалдым. Яғни, 2014 жылдың қазанында менің бұл келісімге қатысуым мүмкін емес. Өйткені ол кезде мен ҚР Ұлттық банкте жұмыс істемегенмін», — деді Данияр Ақышев.

Еске салайық, бір ай бұрын Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Әзербайжан халықаралық банкіне инвестицияланған 71,3 млд теңгеге қатысты жағдайды түсіндіру кезінде "бұл қаржыны проблемалы банкке Ұлттық банктің бұрынғы қызметкерлері инвестициялаған" деген еді.

Айта кетейік, осыған дейін БЖЗҚ-ның 71,3 млрд теңгесі немесе 200 млн доллар Әзербайжан халықаралық банкінің облигациялары үшін салынғанын айтқан болатынбыз. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Әзербайжанның халықаралық банкі елдегі валюталық дағдарыс пен валютаның жетіспеушілігіне байланысты сыртқы қарыздарын төлеуді тоқтатқан және кредит берушілермен келіссөз жүргізуді бастайды.

“The Qazaq Times”