Қазақстан мен Финляндия арасында тікелей әуе қатынасы ашылды.

«Finnair» әуе компаниясы Хелсинкіден Астанаға алғашқы рейспен келген болатын.  Қазақстан мен Финляндия арасындағы тікелей рейс аптасына екі рет, сәрсенбі және жұма күндері қатынайтын болады. Аталмыш рейстерді орындайтын Airbus 319 әуе кемесі Астанадан  жергілікті уақыт бойынша сағат 05:40-та  ұшады.

«Екі ел арасындағы рейсті ашуда ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті мен Финляндияның авиациялық билігі бірлесе жұмыс атқарды. Халықаралық ЭКСПО-2017  көрмесінің өтуіне байланысты фин тарапына аптасына 7 рейс орындау құқығы берілді. Айта кетейік, бірінші рейспен Финляндияның сыртқы сауда және даму министрі Кай Мюккянен бастаған делегация Астанаға келген еді. Сонымен қатар, жақын арада Финляндия президенті Қазақстанға ресми сапарымен келеді деп күтілуде»,-делінген ҚР ИДМ мәлімдемесінде.

JACDEC зерттеу бюросының ақпараты бойынша Финляндияның «Finnair» ірі әуе компаниясы 2012-2013 жылдары Еуропадағы ең қауіпсіз әуе компаниясы атанған және қауіпсіздік жөнінен әлем бойынша екінші орынды иеленеді екен.

“The Qazaq Times”