Қазақстанда ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған тұлғалардың ДНҚ-ларының деректер базасы құрылатын болады. Бұл туралы Астана қаласы бойынша Сот сараптамалары институтының биологиялық және химиялық зертхана мамандары  мәлімдеді.

«Өткен жылдың соңында «Дактилоскопия және геномдық тіркеу туралы» Заң қабылданды. Аталған заң аясында ауыр және аса ауыр қылмыс үшін сотталған барлық тұлғалар генотиптенеді. Бұл заң 2021 жылы өз күшіне енбек. Әзірге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Яғни, құқық қорғау органдарының тапсырмасымен, қылмыс орнынан табылған және белгісіз тұлғаларға тиесілі барлық генетикалық материалдар деректер базасына енгізіледі. Бұл материалдар алдағы уақытта ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін ұсталған күдіктілермен немесе сотталғандармен автоматты түрде салыстырылады», -деді, Астана қаласы бойынша Сот сараптамалары институтының маманы Іңкәр Тәжіғұлова.

Бұл жоба қылмысты ашу барысында уақытты үнемдеуге және тергеу жұмыстарының сапалы әрі дұрыс өтуіне септігін  тигізеді деп күтілуде.

“The Qazaq Times”