Португалияның Педрогао Гранде (Pedrogao Grande) аймағында екі күннен бері орман өртінен 62 адам қаза болды, деп хабарлап отыр «Түрік Теле-Радио» қызметінің ресми сайты.

Апат болған аймаққа арнайы барған сол елдің ІІД мәлімдемешісі Жорге Гомес 59 адамның түрлі жарақат алғанын мәлімдеп отыр. 4 өрт сөндіруші мен бірге 14 адамның ауыруханаға жеткізілгенін, оның арасында 5 адамның жағдайы тым ауыр екенін жеткізді. Жаралылардың көбі орман өртінің арасында көліктерімен қалып кеткен.

Аптап ыстық пен жел өрттің орман алабынан елді мекендерге дейін таралуын тездеткен. Әзірге өрттің шығу себебі анық емес. 500-ден аса өрт сөндіруші жұмылдырылған апатты жағдай әлі де тізгінделмей отыр. Португалияның үкімет тарапы және көршілес Франция мен Испания өрт сөндіру ұшақтарын жіберген. Португалияның ел көлемінде 24 сағат ішінде 156 жерде өрт шыққан. Апатты жағдайда құрбан болғандар үшін 3 күн аза тұту белгіленген.

“The Qazaq Times”