1990 жылы 25 қазанда қабылданған «Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияда»: «Қазақ ССР Республикасы барлық шетелдегі қазақтарға қамқорлық және олардың өз тарихи отанына оралуына жағдай жасайды» деп жазылған. Алайда басында жақсы басталған осы іс соңғы жылдары бәсеңдеп кетті.

Сыртқы саясат бағытында шетелдегі қазақтар жайлы заңды тұрғыда бекітілген нормалар бар. Айталық, 2014 жылы 21 қаңтарда № 741 «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында» ҚР-ның сыртқы саясаты мақсаттарының бірі ретінде, шет елдерде Қазақстан азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтарын, олардың отбасылық және іскерлік мүдделерін қорғау, шет елдердегі қазақ диаспорасына және қазақ тіліне қолдау көрсету туралы жазылған. Қазақстан өзге елдерде тұрып жатқан қандастарымызды қорғау, мәдениетін, тілін дамыту бағытында әрекет жасап келеді. Бұл туралы белгілі дипломат, қоғам қайраткері Сайлау Батырша-ұлы былай дейді:

«Өзге елдердегі қазақ диаспорасын қолдау Конституцияда көрсетілген. Бұл сыртқы саясат концепциясында және басқа заңдарда да қамтылған. «Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы» құрылтайында жақсы шешім қабылданған. Алайда кейбір шетелдегі елшіліктер бұл бағытта белсенді қызмет атқарып отырған жоқ. Шетелдегі қандастарымыздың ең басты мәселелерінің бірі – өз отанына оралуы. Біз оларды Қазақстанға қайтару барысында дипломатиялық тұрғыда кемшіліктерге жол беріп алдық. Мәселен, Қытайда тұратын қазақтардың ҚР-дың Үрімжі қаласындағы паспорттық-виза бөлімінде кездескен қиындықтарын айтуға болады. Қазақстанға кіретін виза аштыру үшін айлап кезек күткен қандастарымыздың мәселесі осыған дәлел. 2004 жылы министр Қ. Тоқаевқа кіріп, сыртқы істер министрлігінде қазақ диаспорасы мәселесімен шұғылданатын бөлім құру керектігін шештім. Бұл әлемдік тәжірибе. Оған дәлел ретінде Ресей сыртқы істер министрінің бір орынбасарына шеттегі отандастармен және орыс диаспорасымен жұмыс істеу жүктелген. Ресейден тыс жүрген орыстардың саны көп, бірақ олар салыстырмалы түрде айтқанда, бүкіл орыстардың 7–8%-ын құрайды. Ал қазақтардың 30%-ға жуығы елден тыс жерлерде өмір сүріп жатыр. Осы мәселеге мемлекеттік тұрғыда мән беріп, Қ. Тоқаев СІМ-де шетелдегі қазақ диаспорасымен жұмыс істеу бөлімін ашты. Өкінішке қарай, ол басқа қызметке кеткеннен кейін аталған бөлім жабылып қалды. Әлем қазақтарының мәселесін қарайтын бір мемлекеттік орталық болмай қалды».

С.Батырша-ұлы шетте тұратын қазақтар үшін осындай елеулі еңбек сіңірген тұлға. Ал, дипломаттың алғашқы қазақ құрылтайының қалай өтуі турасындағы мына бір жан сүйінтерлік қызықты әңгімесі елелуі тарихи оқиғаға айналды десек артық емес. Бұл жайлы «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» кітабында былай баяндалған.

Автор.: Азаттықтың алғашқы жылдарындағы елеулі тарихи оқиғалардың бірі – әлем қазақтарының бірінші құрылтайының өтуі. Сіз министрдің орынбасары ретінде құрылтайға белсенді атсалысып, абыроймен өтуіне үлес қосқаныңызды білеміз. Рұқсат болса, алқалы жиынның қалай өткені туралы өз аузыңыздан естігіміз келеді?

С. Б.: Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 1992 жылғы 29 қыркүйегі мен 3 қазан аралығында шетелдегі қазақ диаспорасының басын қосып, Алматы қаласында Дүниежүзілік бірінші қазақ құрылтайы өткізілді. Айта кетерлігі, бізден бұрын тәуелсіздік алған украин, беларусь, латыш, грузиндер және басқалар әлемге шашырап кеткен өз қандастарын шақырып, съезін өткізген, тіпті Ресей Федерациясы құрамындағы татар, ноғай, башқұрттар да құрылтайларын өткізді. Біз әдеттегідей айналамызға жалтақтап, шетелдердегі ағайындарды басқалардың соңынан құрылтайға шақырдық. Әлем қазақтарының басын қосқан ауқымды жиынға Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, Түрікменстан, Украина, Белоруссия, Түркия, Ауғанстан, Иран, Германия, Франция, Швеция және тағы басқа елдерден, барлығы 33 елден 800-ден астам қазақ келді. Құрылтай жоғары дәрежеде өтті. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болғанын өз көзімен көрген қандастардың қуанышында шек болған жоқ. Дүниежүзі қазақтары өкілдерінің бас қосып, ауқымды құрылтайға қатысуы біздің де рухымызды өсіріп, тәуелсіздігіміз беки түсетін болды ғой деп өзегіміз жарыла қуандық.  Бұл шараға үкіметтік комиссия құрылып, Сыртқы істер министрлігі қатысып, шетелдегі елшіліктеріміз құрылтайға келетін қандастардың визаларын ашып берді. Даярлық жұмыстары барысында құрылтайға он күн қалғанда, маған Премьер-министрдің орынбасары М. Жолдасбековтың көмекшісі Қырымбек Көшербаев хабарласты. Мен ол кезде Сырт қы істер министрінің міндетін атқаратын едім. «Сәке, құрылтайды өткізу жұмыстарына байланысты кезекті жиналыстың комиссия мүшесі ретінде келіңіз», – деді. «Жиынның күн тәртібі қандай?» – деп сұрап едім, ол: «құрылтайдың соңын республикада тұратын басқа ұлт өкілдерін қатыстырып, Орталық стадионда ұлттардың достық шеруіне жалғастыру, гала-концерт өткізу туралы талқыланады», – деп хабарлады. Мұны естіп таң қалдым. Қазақтар құрылтай өткізіп бөлініп жатыр демес үшін басқа ұлттардың да көңілін аулап, ән-би шеруін өткізбекші екен. Яғни, дүниежүзі қазақтары құрылтайының аяғы «халықтар достығы» деген іс-шараға айналып кеткелі тұр. Онда құрылтайдың мақсаты өзгеріп, дәрежесі төмендеп кетеді ғой. Сөйтсем, бұл мәселе бойынша мәдениет министрлігіне, облыс әкімдеріне сол өңірде тұратын диаспоралардың ансамбль, әнші-бишілерін Алматыға алып келуін тапсырыпты. Достық шеруін құрылтайға қатысқан қазақтар да тамашалайды деп жоспарланған. Сонда құрылтай үлкен стадиондағы мыңдаған адамның қатысуымен театрландырылған қойылымның тасасында қалып қоймақшы.

Мен бұған келіспейтінімді білдіріп, Жоғарғы Кеңестің депутаты және үкіметтегі ұлтаралық келісім бөлімін басқаратын Әбіш Кекілбаевқа қоңырау шалдым. Әбекеңе жағдайды түсіндіріп, әрең қол жеткелі отырған құрылтайдың соңын, басқа этностардың шоу концертіне айналдырып, стадиондағы шерумен жоққа шығарып алатынымызды айттым. Құрылтайдың мақсаты бөлек, ал достық тақырыбы бұл мүлдем басқа. Достықты нығайту шараларын басқа күндерде де өткізе беруге болатынын айттым. Ол кісі сөзімді аяғына дейін тыңдады. Сосын «айтқаның дұрыс қой, Сәке, бірақ шешім қабылданып кетіпті», – деді. Мына сөзге ширығып қалған мен «Әбеке, дұрыс екенін өзім де білемін, сіз менің сөзімді құптап қана қоймай, бірігіп әрекет жасайық. Сағат төртте жиналыс болады, сол кезде мені қолдауыңызды сұраймын», – дедім. Алайда ол кісіден қолдау таппадым. «Енді шешім қабылданып қойса, амал жоқ өткіземіз», – деді. Содан кейін Мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиевке телефон соғып, жағдайды толық түсіндірдім. Ол кісі менің айтқаныма қосылып, бүгінгі жиналыста стадиондағы шеруді болдырмаудың әрекетін жасауға келістік. Жиналыстан бұрын министрмен үкімет үйінде кездесіп, не айтатынымыз туралы ақылдасып алдық. Құрылтайға келген адамдар мен достық шеруіне қатысатындардың бәріне Алматыда қонақүй жетіспейді.

Алайда үкімет басшылығы сыймағандарды жатақханаға, тіпті киіз үйге жатқызыңдар депті. Е. Рахмадиев стадионда «достық шеруі шарасына дайын емес екенімізді, суықта киіз үйде қонған әртістердің өнер көрсете алмайтынын айтатын болды. Ал мен достық шеруін өткізудің қажет еместігін саяси жағынан түсіндіретін болдым. Жиналыс басталып, М. Жолдасбеков сөз алды. Шетелден келетін қазақтарға республикамыздағы ұлттар достығын көрсетіп, береке-бірлігімізді паш етіп, сол арқылы өзге ұлттардың да көңілін ауласақ деген пікірлерін айтты. Көпшілік Мырзекеңді қолдап, бас шұлғып отыр. Бізге бірден қарсы шығуға болмайды, түрлі жағдайларды сылтау етіп, шеруді болдырмау керек. Сөз министр Е. Рахмадиевке келгенде ол кісі дайындықтың аз екенін, уақыттың тығыздығын айтты. Облыстан келетін әртістерді орналастыру қиындығын алға тартты. Оның бұл уәжін үкімет басшысының орынбасары және басқа комиссия мүшелері тыңдамады. Жиынның соңында мен сөз алып, құрылтайға келетін қонақтарымыз өзге мемлекеттің азаматтары, олардың қауіпсіздігін, құжат жұмыстарын шешу министрліктің құзырында екенін айттым. Бізге дейін орыстар мен украиндар екі рет съезд өткізді. Тәжік, түрікмен, қырғыздар да қандастарын шақырып, бастарын қосты. Бұл жалпы әлемдік тәжірибе. Одан қорқып, басқа ұлттардың көңіліне қаяу түсіріп аламыз, – деп алаңдауға негіз жоқ. Достық, татулық бәрімізге керек, бірақ ұлттар ынтымақтастығы шеруін құрылтаймен қатарластырып өткізу не үшін қажет? Керісінше, құрылтайдан алған әсерін жоғалтып, жиналған қандастарымыздың көңілін басқа жаққа аударып жібереді. Мен осыларды айтып, стадионға бекер ондаған мың халықты жинап, «достық шеруін» өткізуге қарсы шықтым. Ал республикада тұратын халықтардың достығын нығайтуға жылдың басқа 365 күнінің бірінде өткізсек те уақыт жетеді. Егер қазақтар құрылтайымен бірге шеруді қабаттастырып өткізетін болсақ, шетелден келген қонақтарға күлкі болып, ұятқа қаламыз», – деп қарсылығымды ашық білдірдім. Н.С. Хрущев пен Л.И. Брежнев ел басқарған кезде «халықтар достығы» деген жалаң ұранмен Д. Қонаев стадионға әр ұлт өкілдерін жинап, театрландырылған қойылым жасап, шеру өткізетін. Тәуелсіздігімізді алып, дүниежүзі қазақтары өкілдерінің басын қосқалы отырған тарихи оқиғада совет үкіметінен қалған сарқыншақты қайта жаңғыртудың қажеті қанша?!

Айтылған мәселелерге М. Жолдасбеков көңіл аудармай, жиынды қорытындыламақ болды. Сол кезде мен: «Мырзеке, Президентке біздің пікірімізді толық жеткізіңіз. Мәдениет министрі стадионда театрландырылған қойылым өткізетін мүмкіншіліктің жоқтығын айтты, мен саяси тұрғыдан тиімсіздігін айттым. Алғашқы рет шетелден келген қандастарымыздың басқосуын басқа іс-шаралармен араластырып жібергеніміз ұят болар. Осы сөздерімізді Президентке нақты жеткізіңіз», – дедім. Мырзекең жиынды аяқтап, бәріміз тарқастық. Шығып бара жатсам Қадыр Жетпісбаев деген режиссер жақын досым: «Сен не істедің, бәрін құрттың ғой, енді жұмыстан кетесің. Ал театрландырылған қойылым болмаса, мен ақшадан қағылатын болдым», – деді ренжулі кейіппен. Өйткені ол қойылымның бас режиссері болып белгіленіпті.

Жиналыста үндемегенімен, сыртқа шыға біраз адамдар қолымды қысып, «дұрыс жасадыңыз, айтуға батпай отыр едік, орынды мәселе көтердіңіз» деп ризашылықтарын білдірді. Ертеңінде М. Жолдасбековтың көмекшісі Қ. Көшербаев хабарласып, стадиондағы театрландырылған қойылымның болмайтынын айтты. М. Жолдасбеков «Мәдениет министрі Е. Рахмадиев пен Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы С. Батыр ша-ұлы қарсы болып жатыр деп, біздің пікірімізді Президент Н. Назарбаевқа жеткізіпті. Сонымен, «бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, Нұрекең бізді қолдап, стадиондағы достық шеруді тоқтатты. Сөйтіп, Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайын абыроймен өткіздік. Құрылтайдың соңында қандастарымыздың құрметіне қазақ тілінде үлкен концерт берілді. Оларға Қазақстанның тарихи-мәдени орындарын көрсетіп, елді аралаттық. Қазақтың рухы тасып, көңілі шалқыған мәртебелі құрылтай, ұлан-асыр басқосу болды. Құрылтайдың бас штабына жетекшілік еткен үкіметтің ішкі саясат бөлімін басқарған Алтынбек Сәрсенбайұлы жақсы қызмет атқарды, кейін ол министр болды. Қонақтарға Алматы ресторанында Президенттің атынан қонақасы берілді. Мол дастархан жайылып, көп адам жиналды. Құрылтайға келген Ресейдің Кемерово облысының халық депутаттары кеңесінің басшысы, қандасымыз Аман Төлеевпен бір үстелде отырдық. Әңгіме барысында оған қазақша сөйлеп, ол орысша жауап беріп отырды. Мен оған қазақ тілінің 1989 жылы мемлекеттік тіл мәртебесін алғанын, әрі қарай да қолданыс аясы кеңейе түсетінін түсіндірдім. А. Төлеев айтқанымды ықыласпен тыңдап, мемлекеттік тіл саясатының дұрыс екеніне қолдау білдірді. Сыртта жүрген соң ана тіліне шорқақ екенін айтып, келесі құрылтайдың мінберінде таза қазақша сөйлеймін деп уәде берді. А. Төлеев тәуелсіздік алған жылдары, егер елге қызметке шақыратын болса, қайтуға ниеті барлығын білдірді. Шетте жүрсе де қазақ екенін ұмытпаған, тарихи отанына қамқоршы Аман Молдағазыұлы – мақтаныш етуге тұралық азамат. Ол Ресей Федерациясының саяси және экономикалық жағынан тұрақты, тұрғындарының әлеуметтік жағдайы өсіп келе жатқан өлке Кемерово облысын біліктілікпен басқарып отыр.

Солайша, Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар риза болып, тәуелсіздіктің рухын шынайы сезініп қайтты. Ал, Ерекең, Еркеғали Рахмадиев министр кезінде бірінші болып 1993 жылы Мәдениет министрлігін толығымен мемлекеттік тілге көшірген болатын. Ол кісі өнер қайраткері ғана емес, үлкен мемлекеттік тұлға. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, атақты композитордың музыка өнеріне, мәдениетіне қосқан үлесі орасан зор. «Қамар сұлу», «Алпамыс» опералары, Абайдың өлеңдеріне жазылған романстары тыңдаушыларын баурап алды. «Абылай хан» атты екі бөлімді эпикалық операсы бар. Соңғы рет Ерекеңмен Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының  үшінші құрылтайында кездестім. Жасының ұлғайып қалғанына қарамай, делегаттар орналасқан қонақүйде қандаст армен жүздесіп жүр екен. Сонда Бірінші құрылтайды еске түсіріп, сұхбаттастық. Ол кісі өмірінің соңына дейін елдік мұрат жолында еңбек еткен қайраткер.

«Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» кітабынан

Авторы Мұрат Алмасбекұлы

"The Qazaq Times"