Қазақстан Канн қаласында өтетін халықаралық «Жас арыстандар» жарнама байқауына қатыспақ. Креативті мамандардың әлемдік байқауында еліміздің намысын Cheil Kazakhstan агенттігінің  мамандары Рената Хуснутдинова мен Бақыт Мейірханов қорғайтын болады.

2017 жылғы «Қазақстанның жас арыстандары» (Young Lions Kazakhstan) аталмыш VI Ұлттық байқауының «Баспа жарнамасы» (Print) категориясы бойынша жеңімпаз атанған Рената мен Бақыт осы санаттағы байқауға жобаларын өткізген жүзден астам қатысушылардан озып шығып, халықаралық бәсекеге жолдама алып отыр.

Келесі кезеңде қазақстандық жарнамашылар  әлемнің әртүрлі елдерінен келген жас таланттар бақтарын сынайтын «Канндық арыстандар» креатившілер фестивалі шеңберінде өткізілетін Young Lions Competitions халықаралық чемпионатында  бақтарын сынамақ.

Cheil Kazakhstan-ның атқарушы креативті директоры Хуан Пабло Валенсия қазақстандық команданың  Канн қаласындағы әлемдік бәсекеде жеңіске жетуге барлық мүмкіндіктері бар екендігін атап өтті. Ал агенттік әрдайым креативті идеяларды қолдап, Cheil Worldwide ғаламдық желідегі шетелдік серіктестермен  озық идеяларды дүниеге әкелуде бірлесіп жұмыс жасап келеді.

“The Qazaq Times”