Қанат Ислам АҚШ-тың Бока Ратон қаласында мексикалық Норберто Гонсалеспен өткен жекпе-жекте 24-ші рет жеңіске жетті.  Осылайша кәсіпқой боксшы төрешілердің шешімі бойынша 24-ші рет жеңімпаз атанды және WBO NABO және WBA Inter-Continental титулдарын жеңіп алды, деп хабарлайды Vesti.kz.

АҚШ-тың Бока Ратон қаласында өткен жекпе-жектің бірінші раундында Қанат Ислам басымдық көрсеткенмен, Гонсалес қарымта соққы жасай бастаған. Тіпті денесіне бірнеше соққы дарыған. Бірақ Қанат Ислам сенімділік танытты.

Ал төртінші раундта Қанат Ислам бірден бірнеше соққы дарытып, мексикалықты әлсіретті. Қарсыласы қазақстандықтың соққысына әлсіз жауап қайтарған.  Бесінші раундта Гонсалестің қабағы жарылып, жағдайы нашарлады.

Осыдан кейін қазақстандық боксшы 12 раундтың қорытындысымен жеңімпаз атанды. Бір қызығы Гонсалес Қанат Исламнан төрт жасқа үлкен, ол кәсіпқой боксқа бес жыл бұрын келген. Қанат Ислам 2012 жылдың қыркүйегінен бастап кәсіпқой бокспен айналысса, Гонсалес 2007 жылдан бері кәсіпқой бокстың тізгінін ұстап келеді.

Айта кетейік, Бұл Қанат Исламның 24-ші жеңісі, оның 19-ы мерзімінен бұрын аяқталған. Ал Норберто Гонсалес кәсіпқой бокста 9-шы рет жеңіліп отыр.

"The Qazaq Times"