26 мамыр күні, Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхана «Көрмелер залында» «Ер Жәнібек» атындағы халықаралық қоғамдық қордың және ҚР Ұлттық кітапханасының ұйымдастыруымен Омарғазы Айтанның «Құстар қайғысы» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті.

Ақын ақынға арнау жырын оқуда.

Қазақ әдебиетінің классигі ақын, жазушы, драматург Омарғазы Айтанұлының дүниеге келгеніне 85 жыл толуына орай, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры жанынан «Құстар қайғысы» атты жыр жинағы жарық көрген болатын. Жинақтың баспадан шығуына «Kelun-Kazpharm» ЖШС да қолдау көрсеткенін айта кетейік.

Тұсаукесерді ақын Мұрат Шаймаранұлы жүргізді

26 мамыр күні Ұлттық кітапханамен бірлесіп аталған жинақтың тұсаукесері өтіп, ақынның шығармалары оқырмандарымен қауышты. Қазақ поэзиясының асқар биігінің бірі Жәркен Бөдешұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұхаммедханұлы, «Ер Жәнібек» ХҚҚ-ның президенті Жеңіс Түркия және ақын Мұрат Шаймаран кітаптың тұсауын кесті.

Ермұрат Бапи (ортада) ақынның шығармаларымен жүздескеніне қуаныш білдірді.

Шарада ақынның көзін көрген замандастары мен ізіне ілескен інілері Омарғазы Айтанның шығармашылығы мен өмірі жайында сырларын жиналған қауымға бөлісті. Жәркен Бөдешұлы, Н.Мұхамметханұлы, Болат Бапай, Алмас Ахметбекұлы, Ермұрат Бапи, Бабақұмар Хинаят, Бақытбек Бәміш және басқа да әдебиет пен ғылымның өкілдері сөз алды.  Қазақ поэзиясында ешкімге ұқсамайтын дара жолын салып кеткен ақынның бұралаң тағдыры, кешкен кешулері мен асқан асулары, биік парасаты мен асыл адамгершілігі, шығармашылығындағы бітім болмысы бөлек өрнек айшықтар туралы әңгімелер айтылды.

Бабақұмар Хинаят "Ер Жәнібек" ХҚҚ-ның жанынан шығарылған кітаптарды атап, алғыс білдірді.

Болат Бопай ақын өмірі туралы тамаша естеліктер айтты.

Тұсаукесерге ақынның туыстары және Алматыдағы жыр сүйер қауым қатысты. Шара соңында Айтан әулеті жиналған қауымға дастархан жайып, марқұмның аруағына бағыштап құран оқылды.

 

"Ер Жанібек" ХҚҚ президенті Жеңіс Түркия.

Омарғазы жырларын оқырманына қауышуына себепші болған "Ер Жәнібек" ХҚҚ-дың президенті Жеңіс Түркияға, ақынның туыстары алғыс білдіріп, иығына шапан жапты.

(Оңнан солға қарай) Қойшыбек Мүбарак, Мұрат Шаймаран мен Талапбек Тынысбек.

Кітаптың баспадан шығуына еңбегі сіңген ақын Мұрат Шаймаран мен жазушы Қойшыбек Мүбаракқа Айтан атаның әулеті кітаптың сүйіншісін берді.

Аталған жиын Омарғазы Айтанұлының өмірден озған күніне тура келді.

“The Qazaq Times”