Бүгін  «InternetCA-2017 Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы» атты VIII орталықазиялық форумы басталды. Бұл жылғы  форудағы басты тақырып: "Шындыққа жанаспайтын шындық дәуіріндегі негізгі қатерлер". 

 

Қандай мәселелер талқыланады?

  • Ғаламтордың шынайы өмірге тигізер әсері;
  • Әлеуметтік және өзге де проблемаларды әлеуметтік желілер арқылы шешу;
  • Пікір білдіру еркіндігінің принциптеріне нұқсан келтірместен, «уытты» мысалдармен қалай күресуге болады;
  • Манипуляция, фальсификация (бұрмалау), насихат, ксенофобия, екеуара жауласуға, деструктивті контентке қарсы тұрудың тиімді құралдары: Желідегі қауіпсіздік;
  • Халықаралық эксперттердің  заңнамалық және басқа да ұсыныстары мен үздік мысалдары тақырыптарын қамтиды.

Кімдер қатысады?

Форумға тәуелсіз сарапшылар, мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, журналистер, заңгерлер және белсенді интернет қолданушылар қатысуда.

Форум барысында қандай өзекті мәселелерге талдау жасалды?

Қазіргі таңда БАҚ-қа бәсекелестік танытып қана қоймай, жалған ақпараттың халық арасында кең таралуына үлкен себепкер болып отырған әлеуметтік желілердегі жазбалардың халық арасында үлкен дау туғызып, қоғамдық пікір қалыптастырған тақырыптар - форум барысында жіті талқыланды.

Қандай ұсыныстар жасалды?

ҚР ақпарат және коммуникациялар министрлігінің өкілдері бұл жөнінде белгілі бір шектеулер қойып, олардың орындалуын заң жүзінде қалағалауды ұсынған болатын. Бірақ журналистер тарапы бұл нормаларды қарастыра келе, сөз бостандығы мен адам құқықтарына қайшы келетін әрекеттердің байқалатынын басып айтты.

Шетелдік сарапшылар қандай тақырыптарды қозғады?

Форумдағы тағы бір өзекті мәселелердің бірі - террористік топтардың, ұйымдар мен ағымдардың интернеттегі насихат жұмыстары болды. Қырғызстаннан келген сарапшылар террористік топтармен жұмыс жөніндегі ұйым мамандарымен  бірігіп жасаған зерттеу нәтижелерін жария еткен болатын.

Қандай нәтижелер бар?

Зерттеу жұмысында теріс ағымдарға шақыратын контент көбіне әлеуметтік желілерде болып отыр. Бірінші кезекте Youtube желісі мен кейін Facebook, Whatsapp секілді әлеуметтік желілер арқылы экстремистік топтар жастардың санасын улайтын ақпараттарымен бөліседі екен. Олармен заңды органдар барынша күресіп баққанымен, еш нәтижеге жете алмай отыр. Керісінше, соңғы кездері теріс бағытты насихаттайтын бейнероликтердің жергілікті ұлт тіліндегі нұсқалары да көп таралып келеді.

InternetCA-2017  форумында Еуропа, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Украина, Ресей елдерінен келген сарапшылар өз аймақтарындағы ғаламтордың мүмкіндіктері мен өзекті мәселелері жайлы ой-пікірлерін айтып, нақты мысалдары мен тәжірибесімен бөлісуде.

Шараны әдеттегідей MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі және Конрад Аденауэр атындағы Қордың демеушілігімен ұйымдастырылып жатыр.

“The Qazaq Times”