Қытай үкіметі ортаға қойған «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының аясында, бағдарламаны қолдаған дамушы елдер мен халықаралық ұйымдарға ¥ 60 млрд қаржы бөлетінін жария еткен болатын. Оған қоса, Солтүстік елдер селбестік қорына 2 млрд АҚШ долларын босатпақ. Өзге де халықаралық ұйымдарды 1 млрд юаньмен қамдайды. Қытай басшысы Ши Жинпиң «Бір белдеу, бір жол» халықаралық селбестік форумында, бұл бағдарламаның мемлекеттер мен аймақтардағы халық тұрмысын байыта түсетіндігін айтқан болатын. Олай болса, Қытайдың бұл бағдарламаны қандай мақсатта ортаға қойды? Іргелес дамушы елдерге қаржылай көмек көрсету Қытайға неге керек болды?

Ең әуелі қазіргі Қытайдың ішкі экономикалық жағдайына тоқталған абзал. Қытай қуатты экономикалық дамуға ие ел екені рас. Десе де, ұзақ болашағынан алып қарағанда, соңғы кездері Қытай экономикасы қауіпті сырқаттарға душар болды. Тоқтаусыз көтерілген жалақы мөлшері мен өзге де факторлар Қытайға инвестиция салушы ірі кәсіпорындарды ойландырып тастады. Жыл басында шетел инвестициясының Қытайда бес жыл қатарынан құлдырағаны туралы, Қытай Орталық сараптау комитеті арнаулы хабар жариялап, дабыл қаққан болатын. Бес жыл ішінде Қытайдағы шетел инвестициясы 62 пайызға дейін азайған. Бұл ҚХР үшін үлкен алаңдаушылық болмақ. Қалыптасқан үрдіске себепші болған төрт негізгі фактор мыналар: елдегі өндіріс құнының жоғарылауы; Сыртқа инвестиция салу мөлшерінің артуы; Жалақы құнының жоғарылауы; Нарықтық базар бәсекесінің күн сайын артуы.

Бұлардан да маңыздысы Қытай өнеркәсібі экологиялық зардаптардан үлкен қиыншылық шегіп отыр. Ал, ауыл шаруашылығы бір жарым миллиардқа жуық халықты асырау үшін толассыз жер өңдеу мен өнім арттыратын химиялық тыңайтқыштарды пайдаланудан айтарлықтай ауыр тоқырауға ұшырауда. Демек, ҚХР үшін ұзақ уақыттық тұрақты дамудың жаңа жолын қарастыруға тура келді. «Әлем фабрикасы» аталған қытайлық өнеркәсіпке тың орта қажет. Бұл үшін Шығыс Еуропа, Орталық Азия, Шығыс Оңтүстік Азия Қытайдың басты нысанасы болатыны анық.

Дегенмен, Орта Азиядағы инфрақұрлымның даму деңгейі Қытайдың күткен жерінен шыға алмайды. Аталған аймақтарда өзіне және бірлескен жобаға қажетті шарт-жағдайды толықтырып, дамуға қозғаушы факторларды жасау керек болды. Батыс Қытай мен Батыс Еуропаны жалғайтын тасымал дәлізі, Орталық Азия мен Шығыс Оңтүстік Азияны тұтастыратын қатынас дәлізі толықтай іске қосылса, бұл үлкен экономикалық жүйемен бірге сауда-саттық, энергетика, туризм тағы басқа салаларды айналымын қалыптастырады.

Қытай Сауда министрлігі Шетелдерге көмек беру ісінің арнаулы комитеті жақында ресми баспасөз арқылы «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы үшін Қытай бөлетін қаржының қайда жұмсалатыны туралы мәлімдеме жасады. Қытай Сауда министрлігінің өкілі: «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын ортаға қоюшы және ірі ел салауатымен арқалайтын жауапкершілігі мол. Қытай үкіметі «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы бойындағы елдер мен халықаралық ұйымдардың пікірлерін толық ойластыру арқылы, көмек көрсету мақсатында үлкен қаржы босатып отыр», – дегенді айтты. Ол және: «Біздің мақсатымыз – бейбіт селбестік жасау, достық құшақ ашу, өзара үлгі алу, бірге даму және бірге игіліктену», – деді.

Бұл үшін Қытай тарабы 60 млрд юань «Бір белдеу, бір жол» бойындағы дамушы елдердегі халықтың тұрмысын жақсарту үшін бөлгенін айтты. 2 млрд юань қаржы болса, азық-түлік қауіпсіздігіне бөлінеді.   1 млрд АҚШ доллары Солтүстік елдер селбестік қорына беріледі. Бұл селбестік мүшесіндегі дамушы елдердің 2030 жылға дейінгі тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатына жұмсалмақ. Ал, 1 млрд АҚШ доллары халықаралық ұйымдардың ауыл шаруашылық және білім беру салаларына, ортаны қорғау және денсаулық сақтау, сондай-ақ сауданы арттырып, дамуды ілгерілету үшін бөлінетінін мәлімдеді.

«Бір белдеу, бір жол» жобасы Қазақстан ауыл шаруашылығы үшін даму мен халықаралық нарыққа шығатын үлкен орай тудыратыны даусыз. Өзге де өнімдердің сыртқы нарыққа шығуына мүмкіндік зор. Дегенмен, шикізат шығарушы ел үшін мұндай ауқымды жобаның қауіпі зор. Себебі, өндіругі ел деңгейіне айналып үлгере алмай отырған Қазақстанды халықаралық ауқымды жоба Қытай ғана емес, өзге елдердің де шикізат базасына айналдырып жіберуі толықтай мүмкін.

Жобаның қамтитын көлемін барлық жақтан толықтай зерделеп шықпаған күнде де, қазіргі Қытай экономикасының жай-жапсары және үкіметінің жасап отырған қадамдарына талдау жасай келе «Бір белдеу, бір жол»  – Қытайдың өзін құтқару жобасы деуге болады. Қытай бұл жоба арқылы өзгелерді де қолдап, өзінің ұзақ болашақтық дамуын жебеуді мақсат етуде. Яғни, сырқатқа ұшыраған экономикасы мен өнеркәсібіне тың серпін мен жаңа орта дайындау. Әрине, іргелі елдің көтерген ауқымды халықаралық жобасының тигізер шапағатымен бірге түсіретін көлеңкесі де қатар жүрмек.

“The Qazaq Times”