Жоба туралы

«Qazaqtimes.kz» ақпараттық, қоғамдық-саяси порталы қоғамның әр саласындағы тың ақпарат, танымдық ойларды қозғауға бағытталған. Сайтымыз бүгінгі ғаламдасу дәуіріндегі қазақ мүддесін жақтауға, қорғауға үлес қоспақ ниетте. Соған орай, қазақ болмысын бедерлейтін ұлттық дәстүр, тарих, мәдениет, руханиятқа ден қояды. Уақыты өтсе де мәнін жоймаған, көзден кетіп, көңілден көмескілене бастаса да маңызын сақтаған танымдық ой, тағылымды сөз, тартымды оқиғаларды жаңғырту да бір мақсатымыз.  Қазақтың бүгіні мен ертеңінде ерекше орны бар тұлғаларымызды ұмыт қалдырмай, қайта қаузап отыру да біздің міндет.

Біз барынша бейтарап ұстанымда бола отырып, қазақ мемлекетінің сан алуан саясатына да өз тарапымыздан сөз айтамыз. Үкіметтің қазақ тағдырына қатысты түрлі қадамдарын да хал-қадірімізше қадағалап отырамыз. Халықаралық жайларға да бейжай қарамаймыз. Қазақ жайлы «жарқ» еткен жаңалық, жағымды хабар, жақсы пікірді көпке жариялауға ден қоямыз. Жағымсыз тұстарымызға да жөнді көзқарас білдіреміз.

Ең бастысы, сан түрлі ақпарат ағынының арасынан асылын екшеп, жасығын тектеп отырсақ деген таудай талабымыз бар. Сол арқылы интернет кеңістігіндегі қазақ тілді контенттің бай мазұнды, байсал ойлы, салихалы да салмақты, сауатты деңгейге көтерілуіне тамшыдай болса да үлес қоссақ деген құлшынысымыз бар. Сол құлшынысымызды қуатты іске айналдыруға, құрметті оқырман сіздердің де үлкен қолдауларыңыз керек! Сіз болып, біз болып, қазақ сөзінің, қазақ ойының, қазақ мүддесінің биіктей беруіне қызмет етейік!

"The Qazaq Times" ақпараттық, қоғамдық-саяси порталына 2018 жылдың 27 наурызында ҚР ақпарат және коммуникациялар министрлігінен  № 16990-ИА "Qazaq Times" ақпарат агенттігі куәлігі берілген.

Құрметпен: «Qazaqtimes» редакциясы.