Бүгін өтіп жатқан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында президент масылдықтың ұлттық мінез-құлқымызға кері әсерін тигізіп жатқанына өз «алаңдаушылығын» білдірді.

Парламент арқалауы тиіс жүкті өз міндетіне алған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы басталды. Кеңес мүшесі президент Тоқаев «мемлекет қызметіне қатысты өзекті мәселелерді ашық талқылап, нақты ұсыныстар әзірлеу қажеттігін» айтып, мұны өзі шешім қабылдар тұста ескеретінін мәлімдеді. Президенттің сөзінше, елді жаңғырту жоспарын кеңес мүшелерімен бірлесіп дайындау арқылы  «дамытуға арналған реформаларды жандандырмақ». Сондай-ақ мемлекет басшысы алқалы кеңестегі өкілдердің «азаматтық ұстанымдары» мен «ортақ іске қосқан үлестері  үшін» өз ризашылығын білдірді.

– Біздің генетикалық кодымызды еңсерілмейтін қақтығыс деген ұғым жоқ. Жауласу мен дауласу халқымыздың өмір салтына тән емес. Біз әрдайым күрделі мәселені мәмілеге келу арқылы шешіп келеміз, – деген Тоқаев қазақстандықтардың патриотизміне сенетінін айтты.

Жиында соңғы кездері журналистер мен белсенділерге ашық шабуылдары күшейе түскен, заңгерлер қауымдастығы тарапынан танылған «саяси тұтқындар» қатары көбейген Қазақстандағы демократия туралы сөз қозғалды. Астанада өтіп жатқан кеңесте «Ұлттық бірліктің тағы бір тірегі – дамудың демократиялық моделіне ден қою. Өзіміздің ұлттық тарихымызда демократияның негізгі тіректеріне адал бола тұрып, әртүрлі өркениеттік тосқауылдардан өтіп кеттік. Ұлттық консенсус – біздің тарихи басымдығымыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Халқымыздың мұң-мұқтажын  әрқашанда ескереміз» деген президент жердің ешкімге берілмейтінін «тағы да шегелеп айтуға» тырысты. Сонымен қатар, ол шара барысында биылғы қазақстандық шенеуніктердің басты аргументіне айналған  «масылдық» туралы сөз етті. Тоқаев «Масылдық пиғылдың орын алуына жол берілмейді. Өкінішке орай, бұл кесел ұлттық мінез-құлқымызға кері әсерін тигізуде. Бүкіл қоғам болып жұртшылықты еңбекке баулуға тиіспіз», – деп ерекше тоқталды.

Азаматтық қоғам белсенділері мен тәуелсіз саясаттанушы, сарапшылар қоғамның құқықтық санасы оянып, өз талаптарын нақты қоя бастаған тұста биліктің «масылдық психологиясы» туралы түсіндірмесі жилей түскенін айтады. Тоқаевтың әлеуметтік саясаттың әлсірегенін, ел ішіндегі кедейшіліктің күшейгенін мойындағанына қарамастан, билік «мұтаждық пен масылдықтың аражігін ажырата білу» тақырыбында жұрт ашуын тудырған көптеген даулы мәлімдемелер жасап үлгерген.

"The Qazaq Times"