«Батырлардың өмірі батып бара жатқан күнмен тең». Осы сөздің растығын дәлелдеудің қажеті жоқ болар. Батырлар халқына жаңа күн, жарқын күн шығарып, арайлы шуағын шашу үшін өмірлерін тәуекелге байлап, өлімге тігеді. Өйткені, олар үшін өлім қорқынышты емес, жұртының, болашақ ұрпағының өмірі қымбат. Осындай мәңгілік ерлік мүддені ту қылып ұстаған ұлы тұлғаның бірі – ержүрек қаһарман, қайтпас батыр Оспан Сіләмұлы.

Батыр Оспанның ұлт азаттығы, ұлы мекен – туған жері үшін қан кешкен ерлігі әлі ғасырларға жалғасып, тарихтың төрінен қобыздай күңіреніп тұрары анық. Азаттық үшін ақтық демі қалғанша айқасып, қытайдың гоминдаңымен де, коммунистерімен де қызыл қаны сарқылғанша қидаласқан қас батырдың даңқы әлі асқақтай түседі.

Бүгін, 29 сәуір күні батыр, қазақ халқының қапыда, арманда кеткен асыл ұлы Оспан Сіләмұлының қытай коммунистерінің қолынан өлім жазасына үкім етіліп, атылған күні. Ажал алдына айбатын жоғалытпай, аруағын асырып, ардың туын жықпай, артына мәңгі өлмес аңыз-дастан қалдырып кетктен күні. Батырдың рухына бас ие тағзым ете отырып, баһадүр батырға бүгінгі шайырлар арнап тудырған жыр жауһарларын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«Басы бар батыр» атылды

Жәркен Бөдеш

 

Бөрідей шулы атағы,

Оспанды қазір атады.

Айдалып, әне, барды ол,

Ешкіммен жоқтай шатағы.

 

Түнерген түнек түс-өңі,

Шойындай қара кісі еді.

Қолында, темір көзірі,

Аяқта, батпан кісені.

 

Былай деді ол, – ағайын,

дәреттеніп алайын.

Дұғамды оқып соңғы рет,

Құбыла жаққа қарайын.

 

...оқ тиды, Оспан құлады,

Шулады  елдің құлағы.

Анадай жерге кетті ұшып,

Алтайы сеңсең тымағы.

 

Жолбарыс сынды, ақырғы,

«Басы бар батыр» атылды.

Басы жоқ тобыр жалт етіп,

Қарасын құмға батырды.

 

Оспанның соңғы портреті

Мұрат Шаймаран

 

Сәуірдің айы, жаулары матап әкеліп,..

Өледі енді,

(өледі деуім қателік)

Талпынар көкке қанатын қатты сабалап,

Қайғысын жердің көтеріп.

 

Жұлым да, жұлым желкенін жыртып жел егей,

Қайраңдап қалған мачтасы биік кемедей,

Тұрады асқақ аманат айтып аспанға,

Тобырды ешбір елемей.

 

Жанары суық – атылған кектің жебесі,

Көкжиектің анау қақыратып сөгер көбесін.

Жалбару,

Жағу,

Діріл жоқ тұла бойында,

Ойында – Ертіс,

Еркіндіктің ескі елесі…

 

Даңқы да бөлек,

Зарпы да бөлек былайғы,

Есіңе салар гректер айтқан құдайды;

Прометейге ұқсап кеудесін бүркіт шоқыған,

Антей болып топырақтан медет сұрайды.

 

Қаба сақалы қап-қара түннің түсіндей,

Ер Оспан солай қасқайып тұрды кішірмей;

Тәңірдің қолы Алтайдың асыл тасынан,

Жасаған қашап мүсіндей.

 

…Шаңқ етіп қалар

түтіндеп мылтық сүмбісі,

Жарқ етіп қалар көзінен ұшып күн құсы.

Құлайды Оспан…

Оқ тескен кеуде тұсынан

Ай туар жаққа аттанып кетер бір Кісі.

 

Келсе де көктем,

Салса да талай қыс өрнек,

Ғарышта сонау айбыны тасып, күші өрлеп,

Жүреді жортып ақбоз ат мінген сол Кісі,

Атуға оны әкеле алмас ешкім кісендеп…

 

Оспан батыр

Қозыбай Құрман.

Хандық мерейтойға орай, Шығыс Түркістандағы Шіңгілде қазақтар ақ киізге орап хан көтерген, қазақтың Кенесарыдан кейінгі ханы Оспан батырға арнаймын

 

Тамырыңда қан тулап басыла алмай,

Жарқ-жұрқ ойнап көзде от жасын аумай.

Жаттың ба, Алтай, кеудеңе «бүлік» түсіп –

Елдің мұңы Ертіс боп тасығанда?

 

Шер алқып – қобыз алқып тіл біткендей,

Ішіне бір сұмдығын қыр бүккендей.

Аспанға «бостандық» деп сөз ұмсынды-ау,

Дүн-дүние теңдік аңсап дүрліккендей.

 

«Етті деп етекті кіл жанарын көл,

Ашты деп албастылар аранын мол»

Кететін сөйлеп-сөйлеп қарт тарих –

Сүйкей салса домбыра шанағын қол.

 

Өткенді отыратын безбенге сап,

Болған дейді Оспанға сол кезден жасақ

Ауылда біздің туған бір алып бар,

Оспанды мүсіндейтін сөзбен қашап.

 

«Оғылан ұл Оспан – пай-пай, дүр еңселі!»

Деп тіктеп алатын да бір еңсені.

«Ошың деп айтатынбыз» дейді тынып,

(Алқымын алады-ау кеп, білем шері).

 

«Жалғанда ондай батыр жоқ деп біліп,

«Жылтуға» жұртты жанған от деп біліп:

Нөсерлеп құйған оқтың арасында,

Біз сонда жүретінбіз көктеп кіріп.

 

Тағдыры омыраулаған өр толқын көп

Оян қазақ! Бас көтер, ер серпіл! Деп...

Жауына бірде кесіп айтқан Ошың:

«Шайтанмен де ел үшін келісермін деп»

 

«Ойхой, Алтай – түркі тақ, күреңшелім,

Басыңды бұлт байлады, білем сенің», –

Деп Ошың сонда бетер түнеретін,

Тұлпарлар қан жуғанда тілерсегін.

 

Еңіреп есіл күнді несін айтам?!

Ғұмырдың таңы – ылди, кеші – қайқаң...

Шіңгілде Ер Оспанды хан көтердік,

Кенеден кейінгі хан – кесіп айтам!

 

«Бөрідей шуласады атағы*» үдеп,

Тек «Ошың» деп атайтын қатары көп.

«Ер Оспан» деп онда әлі ардақтайды ел,

«Жау» дейтін Қытаймен де шатағым жоқ!

 

Дейтін де бүк түсетін өкпелідей,

Бір мінез танытпайтын текке дүлей?

«Әкесін өлтіргендей осылардың,

Ошыңды қағып жүрген шетке кім, ей?»

 

Осымен болатын сөз тәмәм, ақыр,

Оспан  – аңыз, Оспан – шын дара батыр.

Батысың кеше шулап жатса Оспан деп,

Біз де ертең тойлатамыз қара да тұр!

 

Жалғаған «Азаттық» деп хандық ізін,

Ғасырдың тазартсам деп қанды жүзін.

Кім болсын белін шешпей күрескен хан,

Аңыз боп әспеттелмек – жалғыз ұғым!

 

* Бөрідей шулап атағы – Жәркен Бөдеш.

 

Оспан батырдың соңғы сөзі (Оспан Батыр өсиеті)

Ғалым ҚАБИБЕКҰЛЫ

 

Дариға-ай, бастан дәурен ұшқалы тұр,

Ер Оспан қара жерді-ай құшқалы тұр.

Қайтейін, қызыл тілім байланып тұр,

Алдымда ата-жауым дұшпаным тұр.

Несіне сұм ажалдан жасқанайын,

Мен неге. Басқа уайым, басқа қайғы.

Туған жер құшағыңа алшы мені,

Киелі топрағыңды-ай жастанайын.

 

Болды-ау арман, дүние жалған,

Киелі топрағыңды жастанайын.

Дүние-ай бізден дағы қалар болды,

Жаратқан Оспан құлын алар болды.

Жұртыма жан айқайым жетер ме екен,

Жан алғыш жағама қол салар болды.

Жалған-ай, арман болған ақ таңым-ай,

Күнімнің қас-қағымда батқаны ма-ай.

Жерімді жат қолына берме құдай,

Елімді есен-аман сақта құдай.

 

Болды-ау арман, дүние жалған,

Елімді есен-аман сақта құдай.

Ұлың құл, қызың күң боп өтпесе екен,

Басыңнан бақыт құсы кетпесе екен.

Қор болып тордай тозған сорлы қазақ,

Көл қылып көздің жасын төкпесе екен.

Тәңірден бармақтай-ақ бақ сұрадым,

Қу соғыс жалмап кетті-ай жақсыларын.

Жерімді елім саған аманаттап,

Елімді ерім саған тапсырамын.

 

Болды-ау арман, дүние жалған

Елімді елім саған тапсырамын.

Тәуелді-ай сауық құрып сайраңдаған.

Туыстап қол бастаған қайран заман,

Кек қалды-ай ата-жаудан алынбаған.

Қынапта қылыш қалды-ай қайралмаған,

Бабамның бақа жұртта басы қалды.

Анамның тұлақ толып жасы қалды,

Қош енді қайран елім, қайран жерім.

Оспанның өсиеті осы болды,

Болды-ау арман, дүние жалған

Оспанның соңғы демі-ай осы болды.

"The Qazaq Times"