Бүгінгі «тарих айдынында» сұхбатымызда, халқының тәуелсіздігі жолында ерен еңбек етіп құрбан болған аса көрнекті саяси қайраткер, жалынды публицист, аудармашы, Мұстафа Шоқай туралы әңгімелемекпіз. Большевиктер үстемдік құрғаннан кейін Еуропа елдеріне шығып, Алаш идеясын ту қып көтерген Шоқай тек Қазақстан емес, бүкіл Орта Азия халықтарының тәуелсіздігі жолында күрес жүргізген, сондай-ақ осы орайда “Бір тұтас Түркістан” пікірін ортаға салған еді. Онымен Қазақстанның тәуелсіздік тарихы тереңдей түседі. Бүгінгі сұхбатымыз Мұстафа Шоқайдың өмірі мен күресі туралы болмақ. Мимар Синан Көркем Өнер Университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Әбдіуақап Қараның сұхбаты "Анатолы" ақпараттық агентігінің ресми сайтында жарияланды.
1890 жылдың патшалық Ресейдің көне күнтізбесі бойынша 25 желтоқсанында, ал бүгін қолданып отырған күнтізбе бойынша 1891 жылдың 7 қаңтарында Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Сұлутөбе маңындағы Наршоқы қыстауында дүниеге келген Мұстафа қазақтардың қыпшақ руына жататын текті отбасынының ұрпағы. Қоқан хандығында жоғары шенді әскер болған атасы Торғай Датқа Қуатбайұлы Қыпшақ ішіндегі Шашты руының биі еді.
Торғай Датқа төрт ұлы ішінде Мұстафаның әкесі Шоқайға ерекше бір сүйіспеншілікпен қарайтын. Бұл бекер емес еді. Өйткені айналасындағыларға көмектесуді ұнататын Шоқай ақылды іс-әрекеттері, орынды пікірлері және байсалды мінезімен халық арасында зор беделге ие болды. Мұстафа Шоқайдың нағашы жұрты да қазақтар арасында беделді әулет еді. Анасы Бақтының әкесі жауынгерлігімен аты шыққан еді.
Бақты Шоқай бидің тоқалы еді. Шоқай би бәйбішеден бала сүймеді. Сондықтан, екінші мәрте Бақтыға үйленген болуы керек. Шоқай бидің бес баласының бесеуі де Бақтыдан. Мұстафа үйдегі төртінші бала болды. Мұстафа алғашқы білімін анасы Бақтыдан алды. Бақты ұлының сауатын бес жасар кезінде ашты. Бұдан кейін Мұстафа ауыл балаларымен бірге ауылдағы молладан оқыды. Діни біліммен қатар Мұстафа музыкадан да сабақ алды. Бес жасында домбыра тартып, ән салатын еді. Мұнда да оның алғашқы мұғалімдері отбасы мүшелері болды.
Бастауыш мектепті Ақмешіттегі бір орыс мектебінде оқыған Мұстафа Ташкент ерлер гимназиясын үздік оқып алтын медалге ие болды. Осы кезде оның мәдени салада өсіп-кемелденуіне башқұрттан шыққан атақты фольклорист ғалым Әбубәкір Диваев көп әсер етті. Диваев Ташкент гимназиясында Мұстафамен бірге оқитын төрт-бес оқушыға да көмектесіп отырды және мезгіл мезгіл оларды үйіне шақырып сұхбаттасты.
Осыдан кейін Петербург Университеті Заң факультетінде жоғары білім алған Мұстафа бұл қалада сонымен қатар алда келген зиялылар және саясаткерлермен де араласып отырды. Әсіресе Әлихан Бөкейхан және Орынборда шығып тұрған «Қазақ” газетімен байланыста болды.
Заң факультетін аяқтағаннан кейін Шоқай Ресей Думасы мұсылман депутаттарының фракциясында Бөкейханмен бірге жұмыс істеп, қазақтың және Ресейлік өзге түркі халықтарының көптеген мәселелерінің Думада талқылануына түрткі болды. Әсіресе 1916 жылғы көтерілісте Орталық Азияның мұсылман халықтарын аяусыз қырған губернаторлардың зұлымдықтарының Думада талқылануына зор еңбек етті.
1917 Ақпан төңкерісін барлық зиялылар сыяқты Шоқай да қуанышпен қарсы алды. Олар патшалық режим кезіндегі әділетсіздіктер мен озбырлықтардың енді аяқталатынына сенді. Сол үшін олар бірігіп Алаш ұлттық қозғалысын өмірге әкелді. Шоқай Алаш лидері Бөкейханның нұсқауы бойынша Түркістан губернаторлығы құрамындағы миллионнан астам қазақтың қақ-құқықтарын қорғау үшін Ташкент қаласындағы өзбек зиялыларымен бірге саяси іс-әрекеттердің бел ортасында жүрді. Сол қалада 1917 Қазан төңкерісінен соң Большевиктердің үстемдік орнатуынан кейін ат басын Қоқан қаласына бұрды. Бұл жерде 1917 жылы 27 қарашада Түркістан автономиясы жария етілді. Оның президенті болып Алаш қайраткері Мұхаметжан Тынышбаев, ал Сыртқы істер министрі болып Мұстафа Шоқай сайланды. Бір айдан кейін Тынышбаевтың орнына Шоқай сайланды. Бұл арада желтоқсан айында Орынбор қаласында Алаш Орда автономиясы құрылып жатты. Шоқай осы алқалы жиынға да қатысып үлес қосты. Бірақ Большевиктер осы екі автономияны да күшпен тарқатты.
Осыдан кейін 1918 жылы қыркүйек айында Орынборда бас қосқан Алаш, Түркістан және Башқұрт автономиялық үкіметтерінің жетекшілері, атап айтқанда Бөкейхан, Байтұрсын, Дулат, Тынышбаев, Шоқай және Зәкі Уәлиді Большевиктерге қарсы күш біріктіріп, “Оңтүстік-Шығыс Автономиялық Мұсылман Өлкелері Одағын” құруға шешім қабылдады. Бұл одақты іске асыруға мүмкіндік болмаса да, Шоқай бұл идеяны Еуропада ары қарай дамытып, “Тұтас Бір Түркістан” идеясын жасады. Демек бұл идея Шоқайдың жеке пікірі емес, Алаштың идеясы.
Большевиктердің үстемдік орнатуынан кейін халқының тәуелсіздігі жолындағы күресін шетелдерге жүргізуге бағыт алған Шоқай 1921 жылы жаз айларында қасында жұбайы Мария Яковлевна Горинамен бірге Парижге келді. Бұл жерде бетбе-бет келген қиыншылықтарға қарамастан Шоқай ұлт жолындағы күресінен бас тартпады. Ағылшын, француз, неміс және түрік тілдеріндегі газет-журналдарда және халықаралық жиналыстарда халқының саяси қақ-құқықтарын қорғаған пікірлерін ортаға салды. Кітаптар жарыққа шығарды. Ең бастысы 1929-1939 жылдары арасында “Яш Түркістан” атымен он жыл үздіксіз журнал шығарып тұрды. Бүгінгі таңда да өте құнды деректер мен пікірлерді қамтыған бұл журнал мәнін жойған жоқ.
1939 жылы бұрқ еткен дүниежүзілік екінші соғыс Шоқайдың ес білгеннен бері халқы үшін жүргізіп келе жатқан күресін тоқтатқандай болды. Соғыс кезінде Парижде кітап оқып, Гитлер мен Сталиннің ақыры немен тынатыны жөніндегі сұраққа жауап іздеп жүргенде, 1941 жылы маусым айында Нацисттер тұтқындап концлагерлерге алып кетті. Оған Кеңес армиясынан тұтқынға алынған Түркістандық әскерлерден алда құрылатын легиондарға басшылық жасау ұсыныс етілді. Шоқай бұл ұсыныстан үзілді кесілді бас тартты. Өйткені оның алда жалда Кеңес Одағын құлатып Түркістанды қолға түсіретін болса, Нацистердің еліне тәуелсіздік бермейтінін, тіпті ол аймақты Большевиктерден арман қанайтынын, әділетсіздік пен зұлымдық жасайтына күмәні жоқ еді. Содан лагелерьлерден Париждегі үйіне қайтып бара жатқанда 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлин қаласында беймәлім жағдайда көз жұмды және сонда жерленді.
Мұстафа Шоқай тек елі үшін өзін құрбан еткен ұлы саяси тұлға қана емес, ол адамгершілік жағынан да теңдессіз еді. Соғыс кезінде басқа эмигранттар сыяқты жан сауғалап, АҚШ-қа қашып кетпеді. Өзіне қиын қыстау кезде пана болған француз халқы не көрсе, мен де соны көремін деп Парижде қалды. Міне сондықтан француз халқы оны құрметтеп, Парижде Шоқай атында саябақ ашық отыр.
Сонымен қорыта айтар болсақ, Алаш қозғалысын 1918 жылдан 1941 жылға дейін жалғастырған Мұстафа Шоқайдың күресі және идеяларымен Қазақстанның тәуелісіздік тарихы тереңдей түседі. Тәуелсіздік күрескерлігі мен қатар жоғары адами қасиеттері бар Шоқайды тек қазақ халқы қана емес, бүкіл түркі дүниесі, тіпті әлем елдері құрметтейді. Алаш қозғалысының соңғы түйіні болған Мұстафа Шоқайдың топырағы торқа, барған жері ұжмақ болсын.

Әбдіуақап Қара, Синан Көркем Өнер Университетінің
профессоры, тарих ғылымының докторы

“The Qazaq Times”