Дүйсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева бес өңірдегі 47 елді мекенде 54 мың құс қырылғанын мәлімдеді.  

Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қостанай және Қарағанды облыстарында құс тұмауы өршіп тұр.

«Осы уақытқа дейін 47 елді мекенде құс қырылды. Мұның барлығы бес облыстың 26 ауданында болған. Жалпы, жеке үйлерде өлген құстың саны 12 926 басқа жетті. Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстандағы құс фабрикасында 41 мың құс қырылып қалды. Эпизоотиялық талдау көрсеткендей, аурудың таралуы солтүстіктен оңтүстікке қоныс аударатын жабайы құстың өлімінен басталған. Бірлескен су қоймаларын пайдалану арқылы жұққан. Зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша «жоғары патогенді құс тұмауы» диагнозы қойылғаннан кейін республикалық қордан вакцина бөлінді», деді Исаева орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Вице-министрдің айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында 27 ауылда құс қырылса да, қауіпті вирус тағы 23 ауылда анықталған. Осыған байланысты 17 қыркүйектен бастап 7 ауданда құс өнімдерін шығаруға әзірге шектеу енгізілді. Олар:

  • Тимирязев ауданы;
  • Жамбыл ауданы;
  • Қызылжар ауданы;
  • Тайынша ауданы;
  • Шал ақын ауданы;
  • Ғабит Мүсірепов ауданы;
  • Мағжан Жұмабаев ауданы.

Сонымен қоса, Айыртау ауданының Қарақамыс ауылында шектеулер енгізілді. Әзірге Ақмола облысында Шойындыкөл, Павлодар облысында Еңбекші, Ақтау және Трофимовка, Қостанай облысында Сокол, Маяк және Красная Пресня ауылдары құс өнімдерін шығара алмайды.

Арам өлген құстарға өтемақы төлеуді жүзеге асыратын ресми ұйым Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ (РЭЖ) шығынға ұшыраған шаруаларға 390 млн теңге берілмек. Вице-министрдің айтуынша, егер құжаттар дұрыс рәсімделсе, төлем үш күнге жетпей беріледі.

Бұған дейін республика қорынан 4,7 млн құсқа 1,4 млн вакцина дозасы бөлінген. Жақында тағы 3,5 млн құсқа 1 млн дозасы сатып алынады. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті жыл басында аймақтарға 11,8 млн құсты вакцинациялауға 3,4 млн екпе ұлестірген. Министрлік өкілі қазіргі таңда 46,7 млн құстың 14,7 млн данасы жеке меншік үй аулаларында өсірілетінін айтады. Оның сөзінше,  арнайы жасақтан құрылған комиссиялар өңірлерде індет ошақтарын залалсыздандырумен айналысып жатыр.

«Құстардың өлексесін тазалау, дезинфекция шаралары мейілінше қысқа уақытта жүзеге асырылады. Бұл қауіпті індеттің өзге өңірлерге жайылуына жол бермеуде негізгі мәселе», деді министр орынбасары.

Құс тұмауының ошақтарында болған 400-дей адам арнайы медициналық бақылауға алынған. ДенМинге қарасты Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев құс еті мен жұмыртқа арқылы немесе басқалай кез келген жолмен адамға жұқпайтынын хабарлады. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін құс тұмауына шалдыққан жағдай тіркелмеген.

«Адамның құс тұмауын жұқтыруы өте сирек кездеседі. Соның өзінде тірі немесе өлі құспен тікелей байланыс болуы қажет. Ал ет немесе жұмыртқа сияқты құс өнімдері арқылы вирустың таралу жағдайлары тіркелмеген. Бүгінде құс тұмауын жұқтырған адамдар да жоқ», деді Сұлтанғазиев.

"The Qazaq Times"