АҚШ Еуропа елдерімен Беларуське қарсы «мақсатты санкциялар» енгізуді талқылап жатыр. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Стивен Биган мәлімдеді.  Тамыздың соңында ол Вильнюс, Мәскеу, Киев және Венаға барып, Беларусьтегі жағдайға қатысты мәселелерді талқылаған. Ресми өкілдің айтуынша, жекелеген санкция Беларусьтегі адам құқығы тапталып, биліктің халыққа қысым көрсетуне байланысты енгізіледі. Негізінен Еуропалық одақ 1997 жылдан бері Беларуське санкция енгізіп келеді. Негізінде бұл санкциялар жеке тұлғаларға қатысты болды және Еуропалық одақ елдеріне жеке активтердің кіруіне қатаң тыйым салынды. 2016 жылдың басында ЕО Лукашенкоға және тағы 169 шенеунікке, судьялар мен қауіпсіздік күштеріне, сондай-ақ төрт компанияға қарсы санкцияларды жойды. Бұл қадам Александр Лукашенко Ресейдің Украинаға қатысты әрекеттерін ашық қолдаудан бас тартып, өзін жанжалды шешуде делдал ретінде ұсынғаннан кейін, сонымен қатар 2015 жылдың тамызында алты саяси тұтқындарды, оның ішінде 2010 жылғы сайлауда президенттікке бұрынғы кандидат Николай Статкевичті босатқаннан кейін жасалды. Биыл алдын-ала науқан кезінде Светлана Тихановскаяны қолдаған Статкевич қайтадан қамауға алынып, оған қарсы қылмыстық іс қозғалды. ЕО-ның Беларуське қатысты барлық санкцияларының ішінде өз күшін жоймаған қатаң қаулылар: қару-жарақ эмбаргосы; ішкі репрессияға бағытталған санкция; 1999-2000 жылдары Лукашенконың саяси қарсыластары сайлау комиссиясының бұрынғы басшысы Виктор Гончар, бұрынғы Ішкі істер министрі Юрий Захаренко және тележурналист Дмитрий Завадскийді қастандықпен «өлтірген» төрт адамға енгізілген санкциялар. 2020 жылдың ақпанында санкциялардың мерзімі тағы бір жылға ұзартылды.

"The Qazaq Times"