Yahoo интернет-гигантының желілеріне ауқымды кибершабуыл жасалуына қатысты іс бойынша ұсталған Қазақстан тумасы Карим Баратов 5 сәуірде Канада сотына кепілмен бостандыққа шығару туралы өтініш жасады.

Прокуратура оның бұл өтінішіне қарсылық білдірді. Баратовтың ресейлік агенттермен байланысы болуы мүмкін, бостандыққа шыққан соң солардың көмегімен қашып кетеді, дейді прокуратура өкілдері. Баратов адвокаттары күдіктінің ата-анасы оның ешқайда қашпайтынына кепіл болатынын айтқан. Әкесі Ахмет Тоқбергенов сотта аудармашының көмегі арқылы өтініш жасап, сот қажет деп тапса, үйде Интернетті өшіріп тастайтынын да мәлімдеген.

22 жастағы Баратовтың айтуынша, 2014 жылы ол интернет-бизнесін бастаған, веб-сайттарды тіркеу, веб-хостингтер мен серверлерді қорғау қызметінен шамамен 81 мың доллар табыс тапқан.

Прокуратура мәліметі бойынша, Баратовты Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің агенттері - Игорь Сущин мен Дмитрий Докучаев хакер ретінде жалдаған. Бұл екеуіне де осы іс аясында айып тағылды.

Баратов - Қазақстан тумасы, Канадаға 2007 жылы көшкен, 2011 жылы азаматтық алған. Оны наурыз айында Канадада ұстады. Баратовты АҚШ-қа экстрадициялау мүмкін.

“The Qazaq Times”