Мақтау, мадақтау жағынан қазақ әлі қамшы салдырмайды. Біреудің мақтауы «халықтық» мақтанға ұласып, содан белгісіз біреу қайраткер болып шыға келеді. Біреу малын сатып («бар малымды шығындап, болыс болдым, мінеки», Абай), біреу барын сатып қайраткер болу қазір қазақ ішінде бар. Олар әзірге етекте, ертең төбеге шығады. Мақтауын келістірсе, насихатын күшейтсе, тоқпағы мықты болса, жетіп жатыр. Оның ұлт алдындағы сіңірген еңбегі, танымалдығы тілге тиек болмайды. Кешегі партияның тұсында жаңа адам тәрбиелеу деген болған. Бізде қазір сол ауру ушығып тұр. Қазақтың емес, әр рудың өз қайраткері бар. Бір өкініштісі, мадақтаудың бел ортасында журналистер жүреді. Қысқасы, қолдан қайраткер жасау басталды. Мақтау таудан құлаған тасқын секілді. Түптің түбінде сол тасқынның астында қалатын кімдер?.. Әрине, қара халық.

Қайран, Ғабең не деп еді. «Ай мен күн айқайламай-ақ шығады ғой».

Қали Сәрсенбайдың «Шал мен шындық» кітабынан алынды

«The Qazaq Times»