Бүгін бірінші қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов алдағы уақытта қазақстандықтардың ақшалай аударымдары тексерілетінін мәлімдеді. Қаржы министрлігі Kaspi банкінің ғана емес, барлық екінші деңгейлі банктер арқылы аударылатын электронды ақшаның бір бөлігіне салық салмақшы. Министрліктің пайымдауынша, электронды түрде жүргізілетін процедураларға салық салу, төлем статусын анықтау – Қазақстан экономикасын дамытудың тиімді жолы. Әйткенмен, бұл қадам азаматтардың жеке мәліметтеріне қол салу, демократиялық құндылыққа қайшы келу ме деген ой туындайды. Биліктің тыңнан түрен салған кезекті «жаңалығынан» кейін, халықты «Түркіменстан – 2» атанбасақ деген үрей жайлаған сынды. Елді елеңдеткен осы мәселеге қатысты экономист, сарапшы Мақсат Халықтың ойын білген едік.

Бүгін Қаржы министрлігі барлық электронды транзакцияға қатысты жаппай тексеріс жүргізетінін мәлімдеді. Мемлекет банк жүйесінде реттеу қызметіне жауапты екенін білеміз. Бірақ мұндай шара қолдану қаншалықты заңды немесе қандай негіз бар? Жалпы, банк пен тұтынушылар (соның ішінде жеке тұлғалар) арасындағы операцияларды тексеріп, бақылауға қандай шарт бойынша үшінші тарап араласа алады?

Қаржы министрлігінде көтеріліп отырған мәселеге байланысты өз ойымды айтатын болсам, қазіргі таңда негізі ел экономикасы үшін белгілі бір дәрежеде сәтті жүзеге асатын заң жобасы болса, пайдалы болатынын айтқым келеді. Бірінші кезекте, бұл көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға септігін тигізеді. Өйткені, ел ішінде көлеңкелі экономиканың үлесі өте жоғары екенін білеміз. Ресми мәліметтер бойынша, жалпы 26 пайызға шаққанда деп айтылады. Табыс құнының көлемі өткен жылы 57 триллион теңге болса, оның 26 пайызы 14 триллион теңге шамасындағы қаражат. Бірақ, бұл да белгілі дәрежеде осы сектордың артуына өз септігін тигізіп отырған жайы бар. Нәтижесінде, мемлекет тарапынан бюджетке салықтың аз түсуіне әкеп соғып жатыр. Тиісінше, бюджет тапшылығының орын алуына негіз болып отыр. Сондықтан да бұл бүкіл кәсіпкерлерге қатысты емес, бірақ та ішінде алаяқ азаматтар табысын жасыратын осылай банктік шоты арқылы өте аз табыс көрсетіп қойып, карточкаларға бүкіл табыстарын аударып отырған кәсіпкерлер бар. Осылайша, салықтан жалтарып отырады. Олардың барлығы әшкере болады, мемлекет белгілі дәрежеде қазынаға қаражатты қайтарады. Ал ол тиісінше әлеуметтік мәселелерді шешуге қосымша қаражат табылуына септігін тигізеді.

– Салық төлеуден жалтаратын кәсіпкерлерді анықтау арқылы азаматтардың ақша аударымдарын тексеру деген сылтау емес пе? Кейбір сарапшылар «осы арқылы билік азаматтардың коммерциялық әлеуеті мен кіріс көздерін анықтап, «авторитарлы» жүйеде кез келген мақсатта қолданылуы мүмкін» деп қауіптенетінін айтады.

Шынында да, заңдық аспекті бар сияқты. Енді оның нақты заңды немесе заңсыз екенін заңгерлер қарастыра жатар. Бірақ бұған дейін де үкімет тарапынан осындай жоспар айтылған: 2020 жылдан бастап бүкіл халықтың табысы дәрежесін тексеретін боламыз деп. Табыстылықты тексерудегі негізгі мақсат, бірінші кезекте, капиталдың шетелге ағылуы, тіркелген оффшорлық зоналарға қарай кейбір азаматтардың ақшаны аударуына байланысты қолданылып отырған шара деп айтуға болады. Әрине, бұл жерде енді жалпы халыққа ешқандай зияны тие қоймас деп ойлаймын және сондай болса екен деген үміттемін. Мұндағы негізгі мақсат – капиталды елден алып кетуге, шетелге аударуға мүдделі боп отырған алаяқ азаматтардың аяғына тұсау салу.

Негізі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен өзге де тиісті қорларға аударылатын қаржылық операциялармен де тұрақты табыстың базасын құруға болады ғой, тіпті ол бар механизм болуы керек. Мұның соңы, фрилансерлердің тізімін түзіп, артынан оларды салық төлеуге міндеттейтін заң жобасына алып келмей ме? Тағы бір қауіп, жанама табысты есептеу кімге керек?

Оны халықтың, жұмысшылардың зейнетақы қорындағы аударымдары арқылы анықтауға болады. Еңбек күші ретінде қарастырылатындар қатарында негізінен жұмыс істейтін азаматтар, қызметкерлер, мемлекеттік қызметкерлер бар. Олардың ақысын сол арқылы анықтай салуға болады. Бірақ бізде екінші мәселе бар – кәсіпкерлердің мәселесі. Кәсіпкерлер жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеннен кейін банк шотында нақты табыстарын көрсетпейді. Табыстарын осы карточкаға аудару арқылы алып отырған жайы бар. Сондықтан да бұл жерде мемлекет арнайы заң қабылдап, сол карталы төлемдердегі операциялардың қаншалықты заңды аударып отырғанын анықтауды көздеп отырған сыңайлы.

Кәсіпкерлер арасынан нағыз алаяқтар анықталып жатса, құба-құп болар еді. Бірақ, мұндағы екінші мәселе – көбінесе салықтық органдар, мемлекеттік қызметкерлер заңдық құқытарын асыра пайдаланатын жағдайлар бар. Яғни жай ғана бақылау, қадағалау процесі емес, керісінше, экономикаға тікелей араласып, кәсіпкерлерге қысым жасап жіберетін кездері бар. Олардың өздері сыбайлас жемқорлыққа алып кеп, «сен осыншама ақша бермесең, штраф саламын» деуі де мүмкін. Сондықтан да мемлекет мұндай заңды жүзеге асырмастан бұрын, бірінші кезекте осы процеспен айналысатын азаматтардың адамгерлішік пен таза жұмыс істейтіндігіне кепілдік берсе екен деген ойды айтқым келеді. Сол кезде ғана бұл процесс тиімді жүзеге асатын болады.

Бастамашыл ведомство өкілдері барлық төлемдер бойынша саралау жұмыстары жүргізілетінін, алда әрбір төлем мақсат-бағдары яғни статусы белгіленіп отыратынын айтты. Бұл демократиялық құндылықтарға қайшы емес пе?

Әлемдік дәрежеде алып қарайтын болсақ, оларға әртүрлі тәжірибелердің енгені соншалықты, халықта мынадай ұғым бар: «менің дауысым – менің салығым». Неге десеңіз, олар фрилансер болып, ешқайда тіркелмей, табысын жасырып ақша тауып жатса, бірінші кезекте тыныштығы бұзылады. Өйткені, бұл азаматтар мемлекеттік бюджетке тікелей зақым келтіріп жатыр деген ойды ұстанады. Ал біздің санада әлі де болса ондай пікір қалыптаспаған. Бізде, керісінше.

Экономист сарапшы ретінде мұндай мемлекеттік деңгейдегі жалпыхалықтық финансчекиң тәжірибесі қандай елдерде қабылданғанын айта аласыз ба? Сәтті тәжірибе деуге келе ме?

Дәл қазір қолымда ақпарат болмай тұр. Бірақ, жалпы әлем тәжірибесінде берілген қаражаттың тиімділігіне, сол қаражаттың оңды-солды жұмсалмауына  арналған қатаң тәжірибелер бар. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттің мұндай қадамға баруы заңды түрде орындалады. Ертең жеке тұлғаның жеке шотына мемлекет тарапынан араласты деген арыз-шағымдар тумасын деген мақсатта Парламентте, Сенатта осы мәселе заңды жүзеге асырылып отыр деп білемін. Сондықтан да экономист ретінде елдегі экономиканың, ақша айналымы тазалығын қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан осындай таза қадағалау жүйесі болғанын құптаймын.

Биліктің жаппай тексеріс жобасын қолға алуының астарында не болуы мүмкін? Ел ішінде кең тараған Kaspi қосымшасынан кейін ұшы шыққан бұл мәселені қалай қабылдауға болады?

Егер де бұл заң жобасы тек қана орта классқа, бизнес жүргізуге қарай бағытталған, солардың арасынан алаяқтарды анықтауға арналған болса, ондай заңның мүлде қажеті жоқ деп айтқым келеді. Шағын және орта бизнеске келесі жылдан бастап мемлекеттік қадағалауды азайтамыз деген президенттің тапсырмасы бар ғой. Бұл заң қабылданғаннан кейін қадағалаушы, бақылаушы тараптар нақты алаяқтардан ақшаның «ағылуын» анықтайтын заң жобасы болса екен деген ой бар. Бірінші кезекте сол ақшалы азаматтардың елден қаржыны алып кетуіне тосқауыл болатындай, оған жол бермейтіндей заң болуы керек.

Ведомство өкілі әрбір операцияның статусы, ақшаның қайда және қандай мақсатта аударылып жатқаны да анықталады деді. Бұл қаншалықты мүмкін? Бздің тарап әлемдік банк тәжірибелерін шолып шықтық, бірақ мұндай альтернативаны таба алмадық...

Шындап келгенде, белгілі бір дәрежеде аударымдар болады. Мәселен, сіз досыңызға көмектесу үшін ақша аударасыз. Ал ол кәсіпкер үшін табыс ретінде есептеліп кетуі мүмкін. Сол себепті бұл мәселеде әккі түрде, профессионалды түрде келген дұрыс. Ертең осы мәселе төңірегінде әлдебір шулар орын алуы мүмкін. Осы ретте жақсы ақпараттық жүйе, ІТ мамандары бірлескен жұмыс жасалынса, ақшаның не үшін, қандай мақсатта аударылып отырғанын жүйелі ойлап табуға болатын сияқты.

Пікіріңізге рақмет!

"The Qazaq Times"