Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова алдағы жылы қолданылысқа түсетін 19 баптан тұратын «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына қатысты толықтырулар енгізу қеректігін айтты.

«Педагогтар кәсіби қызметіне қатысы жоқ міндеттемелерге бойұсынып жүр.  Бүгінгі таңда олардың жұмысы көп, жалақысы аз. Бізге заң арқылы мұғалімдерді сенбіліктерге, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына тартуға тыйым салу және жалақыларын жоғарылатуға қол жеткізу қажет. Мұғалімдерді кәсіби қызметінен тыс жұмысқа жұмылдырған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі назардан тыс қалмауға тиіс.  Заңсыздыққа жол бергендер 20-дан 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеуі керек»,  – деді депутат.

Смирнованың сөзінше,  «мұғалімнің соры – сайлау мен сенбілік».  «Ұстаз бен шәкірт көше кезбей, дәрісханада отыруы керек» дегеніне қарамастан, Қазақстанда үнемі сайлау, санақ, ауқымды іс-шаралар педагогтардың жүгірісімен іске асырылатыны жасырын емес. Бұған биылғы Қазақстан президентін айқындау үшін өткізілген кезектен тыс сайлау да дәлел бола алады. Әлемжеліде кең тараған сайлау барысының бейнематериалдарынан зыр жүгірген мұғалімдердің аянышты хәлін көруге болады.

Депутат ұсынысына ведомство (білім және ғылым министрлігі) өкілі Ғалымжан Жұмашев аталған құқық бұзушылықтар бойынша министрлік жанындағы бақылау департаментіне немесе «тікелей желіге» арыз-шағым түссе, мамандар мәселенің ақ-қарасын анықтап, нақты шара қолданатанын айтып, жауыр болған мәселеден басын алып қашуға тырысты.

«Мұғалім өз міндетін орындауы керек. Оның міндеті тайға таңба басқандай көрсетілген. Ол оқушыларын ертіп, әкімдермен болатын кездесуге, сенбілікке, сайлауға баруға тиісті емес. Ол қалалық мерекелерге басшылықтың күштеуімен келмеуі керек, – дейді депутат. Депутаттың даты: мұғалім сапалы білім мен тағлымды тәрбиемен ғана айналысып, басы артық басқа шаруалар мен кез келген шара үшін қосымша төлем жүргізілуі шарт.

"The Qazaq Times"