Нұр-Сұлтандағы жеңіл рельсті көлік құрылысына (LRT) Халық банк көмектеседі. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.

Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сауалына жауап берген Көлгінов: «LRT бойынша барлық нормативті-құқықтық құжаттар үкіметтік және жергілікті атқарушы органдар деңгейінде қабылданды. Қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктер тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Бұдан бұрын айтқанымыздай, біз қытайлық қарыздан бас тартып, 800 млн АҚШ долларын үнемдеп қалдық. Біз «Халық банкпен» 3 пайыздық қарызбен 500 млн (АҚШ доллары), сондай-ақ, 100 млн (АҚШ доллары) бойынша «Бәйтерек» холдингімен келістік. Бұл қаражат жұмысты бастап кетуге жеткілікті», – деді.

Таяуда «Астана LRT» ЖШС-нің бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға халықаралық іздеу жарияланған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Астана LRT»-нің бұрынғы басшысының атынан қылмыстық іс қозғап, оны қамауға алу туралы өтініш жолдаған. Қазіргі уақытта Интерпол осы мәселені назарда ұстап отыр.

Айта кетейік, «Астана LRT» құрылысы 2016 жылы басталған. Бастапқы жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2019 жылы 31 желтоқсанда аяқталып, 2020 жылы жазда пайдалануға берілуі тиіс еді. 22 километрден асатын жолды салуға 1 миллиард 887 миллион доллар бөлінген. Бірақ кейін құрылыс жұмыстары тоқтап қалған.

"The Qazaq Times"