Иран бюджеттің мұнайға тәуелділігін жоймақ.

Иран Ислам Республикасының бюджетті жоспарлау ұйымының басшысы Мохаммад Бакер Ноубахт 2020 жылға арналған бюджет қаржысына байланысты мәлімдеме жасады. Онда ол жоспарланған реформалар бюджеттің мұнайға тәуелділігін 0 пайызға дейін төмендетуге бағытталғанын жеткізді.

«Санкцияға байланысты туындаған қиындықтарға байланысты біз бюджеттің біраз бөлігінен айырылатын боламыз. Сол себепті бюджеттің мұнайға тәуелділігін 0 пайызға төмендете алатынымызға көз жеткізуіміз қажет. Бюджет қаржысын реформалауда алғаш рет осындай қадамға барып отырмыз» - деді Ноубахт.

Бұған дейін президент Хасан Роухани: «Егер Иран экономикасының мұнайға тәуелділігі қазіргіден төмен болғанда АҚШ санкциялары қатты әсер етпес еді. Жақсы жолға қойылған экономика Иран үкіметіне мұнайсыз бюджет жоспарлауға мүмкіндік берер еді» - деп мәлімдеген.

Былтырғы жылы АҚШ бір жақтық шешім бойынша Иранмен арадағы ядролық келісімнен шығып, Теһранға қарсы санкция салған. Санкция талаптары бойынша, Ираннан тауар сатып алған елдер де АҚШ-тың қара тізіміне енеді.

"The Qazaq Times"