«Аққудың көз жасындай көлге тамған, жанымды тербетесің шерге толған...». Рамазан Стамғазиев орындайтын, Тұрсынжан Шапайдың әніне жазылған «Арман» атты өлеңіндегі Несіпбек Айтұлының осыбір жыр жолдарын естігенде, марқұм Ақселеу Сейдімбек қабағат тебіреніп, қатты толқыпты деседі. Бәлкім, осыбір қос жол – Ақаңның айдын көлдей көңілін бір тамшы поэзия жасы болып «дір» еткізген болар...

Сол секілді, ақын, прозаик Рысбек Дәбейдің «Мөлтіл» жинағы да оқырманның көңіл-көкірегіне жаңбырдың мөп-мөлдір тамшысындай үзіліп түсіп, бір «селт» еткізері анық. Әсіресе, «Қарға тамған көз жасы» хикаяты жүрек түкпіріңде қамсыз жатқан сырлы сезім күйін бір қоздатып өтпей қоймайды.

Бұл хикаят маған ең алдымен құйылып түскен шынайы болмысымен ұнады. Ойдан құрап, қиыннан қиыстырған туынды емес. Шын оқиға болса да, әлдебіреудің айтып берген әңгімесін бойға қондыру, сосын ойға өзек ету қиын ғой. Ал, «Қарға тамған көз жасы» автордың жүрек түбінен шымырлап шыққан ағыл-тегіл тау бұлағындай мөлдір дүние, мөлтіл дүние.

Адам – Тәңір сыйлаған тағдыр жолында алға сапар шеккен жолаушы. Алда не тұр, қуаныш па, қайғы ма оны аңдамайсың. Содан болар, бұл сапар үмітті де, қызықты. Ал, кері бұрылып, артқа қайту, өткен күннің көмескі тартып, соқпағы көңілден көше бастаған күндеріне жол алу қалай болмақ? Иә, бұл сезім көбімізге бейтаныс. Тек оймен ғана бұлдыр-салдыр елестеткеніміз болмаса, көне жолмен қайта жүріп өтуге батылымыз жетуі екіталай. Рысбек сол жолды жүріп өткен, ескі өмір соқпағымен қайта сапар шеккен жолаушы дер едім. Шығарма – сол өткен өмірдің көңіл көкжиегінде қайта экрандалуы және оның асқан қиналысты, тартысты, азапты шығармашылық барыспен қағаз бетіне түсуі, тасқа басылуы.

Әдетте, жазушының шығармасы несімен құнды болмақ? Қандай ерекшелігімен есте қалады? «Теп-тегіс, айналасы жұмыр келіп», жұтынып тұрған сұлулығымен бе, әлде сылап-сипаған сылқым сөздерімен бе? Біздіңше, шығарма өзінің шынайылығымен және сол шындықты басқалардың шындығына да айналдыра алғанымен құнды. Рысбектің хикаяты сол қасиетімен бірден есте қалады. Автордың өмірін де, өскен ортасын да, оның шығарма кейіпкерімен ортақтығы бар-жоғын білмейтін, мүлде бейтаныс оқырман да бұл туындының бойындағы шынайылықтың ізін, автор болмысымен қатар өрілген бөле-жарылмас күйдің ырғағын бірден сезінері даусыз. Бұл тұрғыда Рысбек батыл қадамға барған қаламгер.  Сондығынан болар, ондағы айтылмақ ой, сездірмек сыр айқын. Оны туындының тұла бойынан тауып аласыз. Енді солар жайлы бірер қайырым.

Бір қарағанда махаббат хикаясы болып көрінетін хикаяттың өн бойын шұқып қалсаңыз, бұрқ етіп қанды ірің жарылып кетуі мұнда тұр. Себебі, автор сырқатын ішке бүгіп, зар-запыранын бойға жиып жатқан тағдырлы өлкеден теріп әкелген еді сол жарақаттарды.

«Тағдырлы өлке» деп отырғанымыз да тегін емес. Бәлкім, автор шекараның ішіндегі туған ауылына барған адам болса арқаланып, алыс қалған балалығын, көзіне жылы ұшыраған көне жұртын көңіліне медеу, көкірегіне тіреу қылып қайтар еді. Бірақ, Рысбекте ол жоқ. Оның көргені, сезгені, басқаны-тұрғаны бәрі кейіпкерді пәсейтіп, тіпті қасірет жамап, қайғысын қалыңдатады. Бұл – жатқа бодан болып, біреудің босағасында күн кешіп жатқан ел мен жердің тағдыры. Шығарманың бойында ондай белгі көп. Бірнешеуін қозғап көрелік.

Шығарма кейіпкері Сырым қайтыс болған жақындарының басына құран оқуға келеді ғой. Сондағы көрініс мынау: «Басына құлыптас та қойылмай, әлдеқашан топыраққа айналып кеткен жарықтықтардың енді біраз жылда орны да қалмайтынын ентелеген егін масағы айтып тұр. Кім болса да, мүжілген мұқыл тамдардың түбіне дейін бидай егіп, пысықсыған тірлігі жүрегімді бір шаншып өтті». Сырым ары қарай досынан: «Жер жетпегендей бұнысы несі?! Егінін жылына төрт-бес рет суарса, мына балшық молалардан не қалады, Құрмаш» деп сұрайды. Оған жауап жоқ. Бар болғаны «елдің ниеті кеткен, баяғыдай кең заман жоқ...» деген баянсыз нала ғана.

Елдің ниетімен қатар намысы да кеткенін, күйеуі бар әйелге ашықтан-ашық келіп жүретін колхоз бастығының астамдығынан көресіз. «Күйеуі қорғай алмаған әйелінің намысын біз қорғаймыз ба...» деп қол сілтеген Құрмашқа қарап, тіпті қарның ашады. Мейлі, күйеуі өле жатқан ынжық дейік, бірақ оның туған-туыс, ауылдас, руласы қайда? Намысқа шабар ер қайратты бір еркек кіндікті жоқ па? Әлде бәрі басшыдан қорқып, намысын жуанға сатқан жәутікке айналған ба?! Оны да іштей шамалайсың...

Сырымның нағашысы айтқан сөз де тым ауыр. Ауылға тақтайдай етіп жол салыныпты. Бірақ, ол атамзаманнан сол жерді мекендеп келе жатқан халықтың жолы емес секілді, алыстан ағылып, аймақты басып жатқан бөтенге ашылған жол. «Тақтайдай қылып тас жол салғанын қайтейін, жайлауымызды қытай тоздыратын болды». Нағашысының баба жеріне қарап тұрып, қадап тұрып айтқан мына сөзі тіпті қасіретті. «Шешең хабарласқан сайын, көшіп кел, көшіп кел дей береді. Мына дараны арқалап жүруге болатын болса, қай жерге болса да барар едім. Аруақты төбені тастап мен ешқайда бармаймын. Шешеңе айта бар». Өзіне-өзі шығарып қойған қатал үкім. Туған жерге кіндігі байланған жанның келесі тағдырын білсе де, өзін еріксіз құрбанға шалуы.

Бұндай мысал көп. Аунаған трактор басып қалғаннан десек те, ешкіммен сөйлеспейтін, тіл қатып, өздігінен амандаспайтын баланың тағдыры да жоғалып, тілінен, болмысынан айырылып бара жатқан ұрпақтың символындай. «Дені сап-сау», бірақ «тірі өлік».

Ал, хикаяттың бойындағы тұнып тұрған сағыныштың өзі бір төбе. Он бес жылдан кейінгі оралу туындыда осылай көрініс табуы да тиіс. «Шағанғол» өзеніне жетіп, уысындағы судан екі жұтып, бетін жуып жібергенде кейіпкердің көзінен жосып өтетін жаспен бірге, сенің де ар жағыңнан бір толқын лықсып келіп, тамағыңа тығыла қалады. Бұны әрине «тағдырлы жерге» жылдар аунатып табан тіреген Мағаз Разданның "тентектері" ғана түсінсе керек.  Ал, кейіпкердің бұрынғы ескі үйіне келген сәтін қараңыз. Ол үйде бұрынғыдай алдынан қаумалай қарсы алып шығатын ата-анасы, аға-бауыры жоқ. Есік-терезелері айқыш-ұйқыш тақтаймен шегеленген, төбесі майысып, дуалы мүжіліп тозған иен үй. Бәлкім, онда біреулер тұрып жатса соншалық толқынысты сезім тудырмас еді. Оның көңілге ауыр сағыныш ұялататыны да сол иендігі мен жүдеулігі ғой. Жалпы, ауылға кіндік қаны тамған жандар үшін ескі қыстау, көне жұрт дегеніңіз өлшеусіз сағыныштың символындай. «Қайран жұрт, адам секілді қартайыпты» дейді автор. Көңіл түкпіріңдегі сағыныш жанартауына сол екі-ақ ауыз сөзбен тамызық тастай салды. Қайта-қайта оқи бересің. Сол сөзді ғана емес, бүкіл кітапты. Қолыңнан тастағың келмейді, тіпті сағыныш тұмарындай мойныңа тағып алуға барсың... Шығармада оқырман жан-дүниесін терең тебіреніске салар осындай деталдар аз емес және ол табиғи түрде үйлесімді көрініс тауып отырады.

Хикаяттағы негізгі арқау – Сырым мен Ғайшаның махаббаты. Иә, арада айтылмай кеткен қаншама сюжеттерді қоспағанда біз бұл арқауға әрең қол арттық. Осыған қарап... жарайды оны сәл кейін айтармыз. Алдымен махаббат хикаясына келейік. Былай қарасаңыз, бұндай махаббат әңгімесі басқа да адамдардың басында болатындай. Әрине, хикаяттағы тап-таза сезімге құрылған кіршіксіз махаббат әсерлі де қисынды баяндалған. Мектеп қабырғасындағы бозбала мен өрімдей бойжеткеннің өздеріне тән аңғалдығы, адалдығы, өскен орта мен көрген тәрбиеге сай психологиясы, ішкі жан әлемі жаттық тілмен, жүйелі қисынмен суреттелген. Жүрегі бар адамды бейжай қалдырмайтын махаббат құдіреті кім-кімді де айшықты әсер, терең толғанысқа түсірмей қойсын ба. Оның үстіне басы тәтті басталып, арты өкінішпен аяқталған әңгіме өзгеше сезім сыйлайтыны анық.

Бірақ, шығарманы тіпті де биікке көтеріп тұрған өзек – өткен өмірге сапар шеккен кейіпкер жолаушының қайта кері оралу сәті. Өткен күндердің бар ауырлығын, салмағын және қазіргі күйдің мұң-қайғысын арқалап қайтып бара жатуы. Жай ғана қайтпай, қиналысты көңіл-күйге тұншыға қайтуы. Ғайшамен кезіге алмаған Сырымның ішкі жан азабы шығарманы да, оқырманды да ширықтырып шегіне жеткізеді, қылбұрауға салады. «Талай жылдан кейін Ғайшаға бір жазықтықтың бойында ең жақын келген нүктем – осы, қол созым жер ғана. Егер бізді қоршаған үйлер болмағанда мен оны, ол мені көретін аралық...»

Жүрек түбінде талай жыл сақтаған асыл адамын ең жақын аралықтан көре алмаудан асқан қасірет бар ма!? Бәлкім көрмегені де дұрыс шығар, көрсе де баяны жоқ. Ғайша ғана емес, оның табаны тиіп тұрған туған жері де жүрегіне сая, басына пана бола алмайды. Өйткені, ол да оныкі емес. Міне, махаббат салған жарақатты туған жерден тұрақ таба алмау дейтін ащы дерт тіпті асқындырады. Бұл күй Ғайша тұратын ғимаратқа қонақ үйдің терезесінен ұзақ қараған кейіпкердің аузынан былай беріледі: «Өзім туып-өскен мекенге сәл уақыт болса да табанымды нық басып тұрғаным айдан-анық. Бірақ, терезе сыртында мен үнемі сағынатын туған жердің бір пұшпағы тұтас тұлғасынан үзіліп түсіп, шыр етіп өмірге келгенімде бұрқ ете қалған топырақты өзімен бірге алып ұшып бара жатқандай азаптандым...» Шығармада азамат басындағы осы екі ұлы сезім, бірақ жаралы, трагедиялы сезім тамаша астасып, туындыны биіктетіп жіберген.

Хикаяттың тақырыбы да өте сәтті қойылған. Шын мәнінде, әңгіме басындағы Соқыр төбеден тартып, соңғы сөйлемге дейін Айым қыздың «Қарға тамған көз жасына» байланып тұр. Сол түні Алтайдың аппақ қарына жүрегі жаралы қыздың көз жасы тамбағанда, бұл шығарма өмірге келмес те еді. Кейде адам тағдырын бір тамшы көз жасы өзгертеді. Бәлкім, бұл ойыммен келісерсіз, келіспессіз, махаббаттың обалы, киесі болады. Болатыны анық қой, бірақ кейіпкердің тамаша басталған кейінгі ғашықтық өмірін аяқ астынан өзгертіп, ойран-осырын шығаратын сол кие, обал шығар. Қарға тамып, қатып үлгерген көз жасымен бірге, Айымның да ішінде шемен боп қатқан шер, ауыр нала кеткен болар. Ол нала болып, қарғыс болып қайтты ма кім білсін. Шығарма тақырыбының үйлесімі осындай ойға жетелейді. Бұл құр логика емес, автордың ішкі ойына, хикаят арқылы айтпақшы идеясына үңілгендегі тұжырымымыз. Ғайшаны жақсы көрген Сырымның алдында өзі сөз салып, ғашықтық сезімін білдірген Айымды өтірік алдап, жала жауып шығарып салатыны бар еді ғой. Қыз сол түні жылап, аққарлы түнде үйіне жалғыз кетеді. Кейін бұл автордың ар-ұяты алдында қалай сарапқа түсірерін көріңіз: «Талай жылдан кейін тағдыр талайыма ауыр сынақ жазылып, мехнат шектім. Араққа сылқия мас болған бір түні ақ қарға тізерлеп отыра кеттім. Өзімді қанша ұстасам да, көзімнен ытқыған жас қар бетіне домалады. Мен сонда сұлбасы ағараңдап көрінбей кеткен періште қыздың көз жасын көрдім. Көзім ашылды, көкірегім сайрады. Бірақ тым кеш еді. Құдаймен ара қашықтығымның өлшеуіші тәрізді Айым ақ теңізге сіңіп, алыстап бара жатты».

Қараңыз, бұл өкініштің, жолы болмаған, адасқан махабаттың көз жасы. Ол жігіттің не қыздың көзінен тамсын, бәрібір. Шығарманың өзегі де осыған өрілген. Өмір деген сол дейсің еріксіз. Себебі, хикаят саған сол өмірді сезіндіреді, түйсіндіреді. Шығарма сонысымен де бағалы. Осыдан келіп, кейінгі туындайтын әңгімелер сол «көз жасының» салдарын баяндау болып жалғасқанын білесің.

Десе де, «Қарға тамған көз жасына» байланбайтын, жалпы шығарма тұрғысынан алғанда бөлек тақырыпқа лайық-ау дейтін тұстар да жоқ емес. «Соқыр төбе» туралы аңызға айтарымыз жоқ. Ал, Құрмаштың әкесі, Шәмей мен ешкі, Кәлпе және Құрмаштың «құпиясы», сосын әңгімеге дендеп енген кездегі Әусағи шалдың орысты емдеуі секілді эпизодтар басы артық секілді сезілді. Бәлкім, автор оны көпке жеткізуге асыққандықтан кірістірген болар. Бірақ, оны басқа шағын әңгімелері секілді бөлек тақырыпқа арқау етіп, жеке-дара жазса өтімді әрі үйлесімді болар ма еді. Жаңағы дүниелер «Қарға тамған көз жасы» секілді құйылып түсуге тиіс мөп-мөлдір махаббат хикаясының романтикалық бояуына көлеңке түсіретіндей.

Хикаяттың көркем туынды екені даусыз. Сөз, сөйлем қолданыстары орнықты, ой шұбалаңқылығы жоқ. Тек, біран-саран «Көбеш батыр ақсақалдың шаруасын шешеді» деген секілді жадағай сөйлемдер болмаса, тіл шұрайлылығы да тәп-тәуір. Ең бастысы, айтар ой, көтерген идея оқырманға сәтті жеткен.

Поэзиядан прозаға қадам басқан қаламгердің «Әкелеріміз айтатын әңгіме» атты эсселер жинағы шыққаны мәлім. «Мөлтілдегі» әңгіме аталған кей шығармалардың эссе сарыны бар екені шын. Мүмкін, хикаятты да біреулер «эссе сарын» санауы кәдік емес. Бірақ, ол көркем туынды талаптарына сай деп айта аламыз.

Иривинг Стоунның «Грек қазыналары» романындағы бас кейіпкер – жас қыз туралы «Өзің қарапайым да мейірімді болғаныңмен жүзіңнен өктемдік, бойыңнан паңдық лебі еседі, бұл да классикалық Греция рухына тән» деп айтылатын сөз бар. Рысбектің «Қарға тамған көз жасы» да қарапайым, шынайы болмысымен өктем, паң. Бұл да классикалық көркем проза рухына тән стиль демекшіміз.

Түйіндей айтқанда, біздің мақсатымыз шығарманы теориялық формулаға салып талдау, кәсіби сын деңгейінде саралау емес. Бар болғаны – қатардағы оқырман ретінде алғаш лап берген әсерді ортаға салу. Бұл шығарма – Рысбектің үлкен проза айдынына тас лақтырып байқап көруі ғана деп сенеміз.

Мұрат Алмасбекұлы

«The Qazaq Times»