Препараттарды есепке алу  барысында өңірлерде дәрі-дәрмектің артылып қалуы байқалған. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой селекторлық режимде тегін дәрілік қамтамасыз ету мәселелері бойынша өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларының басшыларымен өткен кеңесте мәлімдеді.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, қазіргі сәтке дейін тегін амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету үшін өңірлерге  57,2 млрд теңге сомасына дәрі-дәрмек жөнелтілген, ал бұл реттегі рецептілер тек 36,6 млрд теңге сомасына қамтамасыз етілген. Яғни қазіргі уақытта медициналық ұйымдардың қоймаларында 20 млрд теңгеден асатын сомаға дәрілер бар. Ал кей препараттар бойынша бүкіл жөнелтілген тауар әлі күнге дейін игерілмей отыр.

Денсаулық сақтау министрлігі бюджеттік комиссиясының шешімімен өңірлерде анықталған қосымша қажеттілікті қамтамасыз етуге  23 млрд теңге қосымша қаражат жұмсалған.

Кеңес барысында Алексей Цой өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының басшыларына дәріханалар мен медициналық ұйымдарда бар қалдық дәрілерге мұқият талдау жасауды және шынайы қажеттілікті, шын мәнінде қандай дәрілерге мұқтаждық барын айқындауды тапсырды.

Айта кету керек, қазіргі сәтке дейін денсаулық сақтау басқармалары шамамен 2,7 млрд теңге сомасына бұрын тапсырыс берілген дәрілерден бас тартқан.

Вице-министр, сондай-ақ, 2019 жылға тегін дәрілерге қажеттілікті жоспарлау кезінде осы жылдың басында орын алған дәрі тапшылығына ұқсас жағдайды болдырмауға айрықша назар аударуды тапсырды.

“The Qazaq Times”