Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған БҰҰ Газа секторындағы қақтығыс кезінде өзінің қаншалықты қауқарсыз екенін көрсетті деп мәлімдеді. Бұл туралы yeniakit.com. агенттігі хабарлайды.

«Осы оқиғалар кезінде БҰҰ өзін-өзі құртты. Ол өзінің қаншалықты қауқарсыз екенін көрсетіп, бәрін бүлдірді. Егер де израильдік күш көрсету әрекеттеріне бұдан кейін де ешқандай ұйым қарсы шықпаса, онда әлемде бей-берекетсіздік орын алады», - деді Ердоған.

Сондай-ақ, ол Палестинаға қолдау көрсетуді жалғастыра беретінін мәлімдеді. «Тіпті бүкіл әлем бұған үнсіздік танытып, көз жұмып қараса да, біз Израильдің қатігездік көрсетуіне жол бермейміз. Бұдан былай палестиналық бауырларымызды тек рухани тұрғыдан емес, материалдық тұрғыдан да қолдайтын боламыз», - деді.

Бұған дейін де түрік президенті Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды нәсілдік кемсітушілік негізінде бөліп-жару саясатын ұстанды деп кінәлап, Израильді террористік мемлекет деп атаған еді.

“The Qazaq Times”