Мәжіліс депутаттары "Діни қызмет және діни бірлестіктер" туралы заң жобасына енгізілген өзгерістерді бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы sputniknews.kz хабарлады.

Осыған дейін, заңға енгізілетін өзгерістер қоғамның қызу талқысына түскен еді. Мәжілістің жалпы отырысында дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев жаңа заң жобасы - мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін ауадай қажет деді. Сондай-ақ ол "деструктивті діни ағым" және "діни радикализм" деген жаңа ұғымдар қолданысқа енгізілетінін айтты.

Жаңа заң жобасы бекітілсе, онда дін саласындағы әдебіне байланысты мемлекеттік қызметшілерге бірқатар талап қойылмақ. Мәселен, олар енді өзінің қызметтік мүмкіндіктерін діни бірлестіктердің мүдделеріне пайдаланбайды, өзіне бағыныстағы қызметшілерді діни қызметке мәжбүрлемейді және діни бірлестікті құрып, оған мүше бола алмайды.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды діни қызметке заңсыз тартудан қорғау деңгейі күшейеді. Балалар мен жасөспірімдерді ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімінсіз діни салт-жораларға тартуға болмайды.

“The Qazaq Times”