Дүние жүзінде жеті мыңнан астам тіл бар. Оның шамамен тоқсан бес пайызында әлем халқының бар болғаны төрт-ақ пайызы сөйлейді. Екі жарым мыңдай тілге жойылып кету қаупі төніп тұр. Оның ішінде түркі тілдері де бар.

Ал қазақ тілі соңғы ширек ғасырда сөйлеуші саны бойынша да, институттық қолдау бойынша да тізім басындағы қайта жаңғырған, белсенді тілдердің тобына кірді. Тек мәдени-отбасылық қатынас құралы емес, тұтынушы тіліне айнала бастады. Біртіндеп негізгі қолдану кеңістігі - Қазақстанда экономика, сауда мен бизнес салаларында да позициясы күшейе бермек. Мұны қасақана қасарысып байқағысы келмейтін адамдар мәдени-лингвистикалық плюрализмді мойындамаса, тұтынушының конституцияда бекітілген өз тілінде қызмет талап ету хақын сыйламаса, бәсекеге қабілетсіз топ ретінде қоғамның да, нарықтың да шетіне шығып қалады.

Қазақ тілін қайта жаңғыртуға, белсенді түрде қолдануға шақырып жүрген азаматтардың да назарын бір жайтқа аударғым келеді. Осыншама қиындықтан өтіп, тұрақты дамуға әрең қол жеткізген бұл тіл өрісі тар ұлтшылдық пен өресі таяз популизмнің тіліне айналмауы керек. Өркениетті азаматтық қоғамның, демократиялық дәстүрдің, тәуелсіз соттың, еркін БАҚ-тың, терең ғылымның, биік өнердің тіліне айналуы тиіс. Бұл іске шама-шарқымыз жеткенше әрқайсымыз өз саламызда үлес қоссақ, елдік қасиет әрі азаматтық парыз деген сол болады.

“The Qazaq Times”