Тәжікстан, біз Орталық Азиядағы бұл мемлекет жайында не білеміз? Әлем жұртшылығының ресми Душанбеге деген көзқарасы қандай? Тәжікстан билігі соңғы бес жылда несімен көзге түсті? Бүгін біз осы сұрақтарға жауап табу үшін Эмомали Рахмонның басқаруындағы тәжік елінің әлемдік аренадағы бет-бейнесі жөнінде әңгіме қозғайтын боламыз.

Жақында халықаралық Freedom House ұйымы әлем бойынша «дамудың» автократиялық жолын таңдаған мемлекеттердің тізімін жариялады. Оған дәстүр бойынша алғашқылардың бірі болып Тәжікстан Республикасы кірді. Сырт көзге бір қарағанда дамудың демократиялық жолын таңдағандай болып көрінетін ресми Душанбе шын мәнінде бұл күнде диктаторлық жүйенің шарықтау шегіне жеткен. Душанбе қаласының әкімі болып Эмомали Рахмонның ұлы Рустамның келуімен Тәжікстан бойынша өзге ойлы азаматтарды қудалау әрекеті жиілеген. 2017 жылы батыс елдерінен саяси баспана сұраған тәжікстандықтардың саны 3220 адамға жеткен.Сарапшылар пікірінше, Эмомали Рахмон өзге ойлы азаматтарды басып-жаншу арқылы ұлы Рустамға саяси алаңды тазартып беруде және билікті ұлына тапсырудың алғы шарттарын жасауда. Бір сөзбен айтқанда қазіргі таңда Тәжікстанда Қазақстандағыдай «транзитті» кезеңді басынан өткізуде.

Жалпы, Тәжікстанда оппозициялық саясаткерлер мен азаматтық белсенділерді қудалу 2015 жылы басталған. Себебі дәл осы жылы ел билігі «Тәжікстан Ислам жаңғыру партиясын» террорлық ұйым деп танып, партия мүшелерін жаппай тұтқындай бастаған. Партия мүшелерінің бір бөлігі шетелге қашқан, қалған бір бөлігі темір торға тоғытылған.  Осыдан кейін Тәжікстанды Эмомали Рахмонның отбасы бөлшектеуге кіріскен. Елдің экономикасынан бастап, күштік құрылымдарына дейін президент жақындарының қолына өткен. Жоғарыда айтқанымыздай Эмомали Рахмонның ұлы Рустам Эмомали Душанбе қаласының әкімі болса, күйеубалалары Рамзон Хамро Рахимзода Ішкі істер министрі, Самумин Ятимов Ұлттық қауіпсіздік қызметінің төрағасы, Сүлеймен Сұлтанзода Қаржы басқару және жемқорлықпен күрес агенттігінің басшысы болып тағайындалған. Бірақ осының барлығына қарамастан Эмомали Рахмон бастаған топ телеарна, газет-журналдарда «Тәжікстан демократиялық жолмен дамып келеді» - деп жиі айтуда. Ресми Душанбе де біздің еліміздегідей халыққа соңғы жылдары «Бізге АҚШ немесе еуропа елдерінің демократиялық даму жолын таңдаңдар дейді. Біздің өзіндік тарихымыз, дініміз, тіліміз бар. Біздің жолымыз бөлек» - деген сарындағы жалынды сөздерді қарша боратуда. Алайда Тәжікстан билігі өзін-өзі демократияға ұмытылған ел ретінде көрсеткісі келгенмен «Freedom House» сияқты халықаралық ұйымдар Эмомали Рахмонды диктатор деп атап, Тәжікстанды «дамудың» автократиялық жолын таныған мемлекеттер тізіміне енгізген.

“The Qazaq Times”