Наурыз айында Астана қаласында Орталық Азия елдері басшыларының саммиті өтті. Сарапшылар бұл кездесуге «кезекті бас қосулардың бірі» - деген баға берді. Мемлекет басшыларының өздері де саммиттің пікір алмасу форматында өтетінін мәлімдеді. Осыған байланысты бүгін біз «Орталық Азия елдеріне одақ құруға не кедергі?» - деген сұраққа жауап іздеп көруді жөн көрдік.

Орталық Азия елдері бұған дейін бірнеше рет одақ құруға талпыныстар жасаған. Бірақ оның барлығы жекелеген адамдардың әсерінен жүзеге аспаған. Осы уақытқа дейін көптеген сарапшылар «Орталық Азия одағын құруға диктаторлық жүйе кедергі» - деген ой айтып келген. Олардың бұлай деп пікір айтуына себепте жоқ емес. Өйткені бұған дейін Қазақстан тарапы ұсынған аймақтық интеграциялық жобаларға Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов қарсылық танытқан. Салдарынан барлық интеграциялық жобалар құрдымға кеткен. Бірақ қазір жағдай өзгерді. Өзбекстанда билік басына Шавкат Мирзиеевтың келуімен Қазақстанмен арадағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілді. Аймақ басшылары араға 13 жыл салып Астана қаласында бас қосты. Одақ құру жөнінде ешқандай бастама көтермесе де ішкі мәселелерді үшінші бір жақтың көмегінсіз шешуге уағдаласты.

Жалпы, қазір АҚШ, Ресей, Қытай, Еуроодақ, Түркия, Иран сияқты әлемдік державалар арасында Орталық Азия үшін талас жүріп жатқаны белгілі. Бұрын аймақтағы бес мемлекетке бірігіп одақ құруға жекелеген адамдардың эгоизімі кедергі болса, қазір бұған жоғарыда аталған алпауыт мемлекеттердің мүдделері қосылды. Бұлай дейтін себебіміз АҚШ-тан бастап, Ресейге дейін Орталық Азияны уысынан шығарып алмас үшін барын салуда. Осы мақсатта Ресей ЕАЭО мен Ауғанстанды желеу етіп аймақтағы өз үстемдігін одан сайын күшейтуді ойласа, АҚШ Барак Обаманың кезінде қабылданған С5+1 жобасын қайта жандандыруда. Ал Қытай аймақ елдеріне «Бір белдеу-Бір жол» стратегиясы аясында оңды-солды несие таратуда. Бір сөзбен айтқанда тартыс жыл өткен сайын қыза түсуде.

Бірақ дәл осы жерде оқырман қауымда «Орталық Азия елдері неге өз күшімен одақ немесе қандай да бір ұйым құрмайды?» - деген сұрақ тууы мүмкін. Ондай сұрақтың тууы заңды да. Себебі аймақтағы бес мемлекеттің бесеуінің де билігі ел халқына 27 жыл бойы жарқын болашақ пен экономикалық қуаттың эллюзиясын насихаттап келген. Олай болса жоғарыда қойылған сұраққа қысқаша жауап беріп көрейік.

Орталық Азиядағы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстанның біріккен ішкі жалпы өнімі шамамен 300 млрд долларды құрайды. Жалпы халық саны 75 миллионға жетер-жетпес. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, АҚШ, Ресей, Қытайды есептемегенде жалғыз Түркияның жалпы ішкі өнімі 1,25 триллион доллар. Халық саны 70 миллион адам. Ал аймаққа тікелей әсері бар Иранның жалпы ішкі өнімі 1 триллион доллар. Халық саны 90 миллион адам. Енді есептей беріңіз Орталық Азиядағы бес мемлекеттің сыртқы күштерге қарсы тұруға қаншалықты қауқары бар екенін. Десе де Орталық Азия елдері біріксе күш болатынында айта кеткен жөн. Себебі аймақ табиғи қазба байлыққа бай және географиялық жағдайы өте қолайлы. Орталық Азия батыс пен шығысты жалғайтын алтын көпір десек, онда Қазақстан мен Өзбекстан бастаған бес мемлекет біріксе үлкен күшке айналатыны сөзсіз.

“The Qazaq Times”