Түркиялық БАҚ-тың хабарлауына қарағанда, Сүрияның Африн аймағында террорлық топтардың жетекшілері аймақты тастап қашуға әрекет жасаған. Аталған аймақта Түркия тарабы бөлшектеуші террорлық ұйым деп таныған PKK-ның Сүриядағы тармағы YPG/PYD ұйымдарының жетекшілері болған. Бұл туралы «Анадолы» ақпараттық агенттігі хабарлады.

Хабарға қарағанда, YPG/PYD жетекшісі Сайт Исмер Губар Африндегі өздері бақылауына алған аудандардан кетіп, қазіргі кезде Иран қарулы күштерінің бақылауында тұрған Нубул аймағына тұрақтаған. YPG/PYD ұйымдары жетекшілерін қайтарып келу мақсатында Нубул аймағындағы Иран қолдау көрсететін ұйымдармен келіссөздер жүргізуде.

YPG/PYD ұйымының тағы бір жетекшісі Хасан Байрам қомақты ақшаны алып Африн аймағынан қашып шығу үшін жасаған әрекеті сәтсіз болған. Қазір оны террорлық ұйым бақылауда ұстап отырғаны мәлім болды.

Түркия ақпарат құралдары ұйымның негізгі басшылары Ирак жерінде екенін, Афринге келген жетекшілерінің көбі Түркия армиясы аймаққа басып кіргеннен кейін қашып кеткенін айтады.

“The Qazaq Times”