2018 жылғы 17-27 наурыз аралығында Алматы қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Astana Musical» театрының гастрольдері өтеді.

«Astana Musical» – еліміздегі тұңғыш мамандандырылған мюзикл театры. Елордалық театр замануи бағыттарға негізделіп, отандық мюзиклдердің бірегей репертуарының орталығына айналды. Театрдың көркемдік жетекшісі - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Мюзикл қойылымдарында Шалқарова Жарқынай, Мұқашев Саламат, Ризабекова Инабат, Игілік Оразалы, Усманов Расул сынды белгілі әртістер өнер көрсетеді.

Астанадағы театр 23, 24, 27 наурыз күндері алғаш рет қазақ тілінде үн қатқан дүниежүзіне белгілі мюзикл - «Ромео и Джульетта» қойылымын көрсетеді. Шығарманың негізіне Уильям Шекспирдің классикалық пьесасы бойынша жазылған Жерар Пресгюрвиктің француз мюзиклі арқау болды. Әйгілі Ромео мен Джульетта оқиғасын суреттейтін мюзикл адам бойындағы қанды кек пен қызғанышты, менменшілдік пен пендешілік сынды қасиеттерді жеңген мөлдір махаббат туралы болмақ.

Наурыздың 25-інде «Astana Musical» театры қала тұрғындары мен қонақтарының назарына «Достар серті» мюзиклін ұсынады. Мюзикл желісі 60-70-жылдар кезеңінде өрбіп, еліміздің әр өңірінен арман қуып консерваторияға оқуға келіп, бір қалада тоғысқан төрт абитуриент жігіттің басынан кешкен қызықты оқиғаларын, жалындаған жастық шақтарын, адал достық пен нағыз махаббат хикаяларын баяндайды. Аталмыш мюзиклге қазақ музыкасының «алтын қорына» енген Ш.Қалдаяқов, Е.Хасанғалиев және «Дос-Мұқасан» тобының әндері, әлемдік музыканың жарық жұлдызы Франкель мен «Битлз» тобының репертуарындағы шығармалар арқау болмақ.

26 наурыз күні театр әртістері еліміздің рухани құндылықтарына айналған халық әндері мен композиторларының шығармалары, ұлттық операмыз бен классикалық музыкамыздың інжу-маржандары негізінде жасалған «Қыз Жібек» мюзиклінсахналайды. Аталған мюзикл «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасышеңберінде2017 жылғы желтоқсан айында Франция, Бельгия, Австрия, Ресей мемлекеттерінде сахналанып, шетелдік талғампаз көрерменнің қошеметіне бөленген.

Бұған қоса, астаналық театр 24 наурыз және 26 наурыз күндері Мұқағали Мақатаевтың әсемдікке, елжандылыққа тәрбиелейтін шығармаларына негізінделген тың дүние –«Жырлайды жүрек» атты әдеби-сазды кешті көрермен назарына ұсынады.

Билеттерді Мұхтар Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрының кассасынан және "Тикетон" сайтынан сатып алуға болады.

“The Qazaq Times”