– Жұрт ішінде, әсіресе, жастар тарапынан «айтыс көрмейтін болдым, айтысқа барып жүрген жоқпын» дейтін пікірлер көбірек айтылып жүр. Олардың айтыстан суынуына не себеп?

Бұл мәселені екі жақты қарауға болады. Көрермендердің тарапынан айтылып жатқан әңгімелерге келсек, 1997-1998 жылдары өзіміз айтысып жүрген кездегі көрермендер осы күні біраз жасқа келді. Сол кездегі Балғынбек Имашев, Оразәлі Досбосынов, Аманжол Әлтаев бастаған ақындарды тыңдап өскен көрерменнің, кейінгі жастарды қабылдауы қиынға түсті. Қазіргі айтыскерлерді байқап отырсақ, басқаша екенін аңдайсыз. Жақында өткен «Алтын домбыра» айтысына қазылық жасап отырып таң қалдық. Жастар айтыс сахнасында еш мүдірмейді, ойланып-толғану, тапырақтау жоқ. Сынаптай сырғиды. "Айтыс осыншалық өсіп кетті ме" деп таңқалдық. Бірақ, екінші  күні бәрі белгілі болды. Аяқ астынан жұптап сахнаға шығара қойғанда, бірінші күні желдей есіп отырған ақындар бөгеліп, тізгін тарта қалды.

Осы тұрғыдан алып қарағанда, «қазір айтыстың табиғилығын жоғалтып алдық па» деп ойлаймын. Суырып салмадан гөрі дайындалу көбірек. Өзіміз де сол сахнада талай тапырақтағанбыз. Аузымызға сөз түспей, ойланып отырған түйініңді ұмытып, маңдайымыз терлеп, жон арқамыздан шаншу қадалғандай кездер болған. Бұл жерде жалпы халық айтыстан суынды деуге келмейді. Көрерменнің ішіндегі талғамы жоғары айтыс жанашырлары айтуы мүмкін. Бұл мәселені мен, ең алдымен көрермендердің жас шамасымен байланыстырсам, екінші жас айтыскерлердің табиғилықтан алшақтауы себеп деп ойлаймын. Ринат Зайтов бауырым айтып еді «қазіргі ақындармен айтысу қиын, қарсыластардың бір-бірімен келісіп алуы басым»  деп. Мен өзім айтыс сахнасында он жылдай жүрдім. Соның бірде-бірінде қарсыласыммен келісіп көрмеппін. Осыдан біраз жыл бұрын Балғынбек екеуміз айтысатын болып, Астанадан Алматыға ұшақпен бірге келдік, бір қонақ үйге жайғастық. Ертеңгі қарсыласым Балғынбек. Сонда, бір ауыз сөзді де жұптап алмаппыз. Екеумізде де толқу бар, ертесі керемет айтыс шықпай қалды. Көрерменді сыйладық. Арымыз жібермеді.

Дәулеткерей Кәпұлы айтыс сахнасында. Фото: youtube.com

– Бұл екі себептен басқа, бұрын айтысқа жеке адамдар демеушілік ететін, жақынғы жылдардан бері айтысты «Нұр-Отан» партиясы өз қарамағына алып отыр. Демеушінің өзгеруі айтыс табиғатына әсер еткен жоқ па?

Жоқ, айтыс деген еркін пікір алаңы ғой. Әу баста, айтысқа 2009 жылдан бастап үш жыл еркін мораторий жарияланды. Бұл мораториға байланысты Алматыдан Жүрсін Ерман, Амангелді Ермегияев, Өмірзақ Сәрсенов үшеуі министр Мұхтар Құл-Мұхаммедке келді. Сұрақ: «Неге айтысқа мораторий жарияланды?». Сол кезде Мұхтар Құл-Мұхаммед үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың бұйрығын көрсетті. «Бірнеше жыл ішінде айтыс өткізуге рұқсат жоқ» деген. Басында айтқанымдай, біздің кезімізде айтыс еркін пікір алаңы болды. Ал, «Алтын домбыраға» дейін алты облыста әкімдердің демеушілік жасауымен жыл сайын айтыс өтті. Кешегі «Алтын домбыра» айтысының алдында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев ақындармен кездесу жасады. Неге? Қазір халықтың арасында неше түрлі толқулар бар ғой. Соның ішінде, діни радикализмге байланысты айтып отырмын. Оның үстіне желтоқсан айы біздің етек-жеңімізді жинайтын уақытымыз. Қоғамдағы бөтен пиғылды топтар халық жиналған  орайды пайдаланып кетпесін деген оймен, «Нұр-Отан» тарапынан ақындармен саяси дүниелерге байланысты әңгіме болды. Ол жасырын емес. ақындардың барлығы біледі. Бірақ, «тек қана үкіметті мақта, болмаса қазақтың жағдайы керемет жақсы деп айт" деген сөздер болған жоқ. Тек саяси жағдайларға байланысты абай болу туралы сөз болды.

Айтыс жүлдесінің берілуіне де үкіметтің, әкімдердің ешқандай ықпалы болған емес. Жүкеңнің де өзіндік ұстанымы бар. «Қаржыңды бердің бе, шынайы өнерге құрмет жасадың ба, басқасына арласуың қиянат болады» дейді. Өткендегі «Алтын домбыра» айтысының өзінде қазылардың пікірі екіге жарылды. Оны жалпы халық білмейді. Барлығы бірдей Мұхтар Ниязовқа дауыс берді деп ойлайды. Жеті қазының дауысы екіге жарылғанда, төрт те үш болды. Болатбек Оразбаевқа төрт, Мұхтар Ниязовқа үш қазы дауыс берді. Осындай уақытта төрағаның бір дауысы үстем орынға шығады. Сөйтіп төрағаның бір дауысы Мұхтарға берілді. Қазылықтың шарты бойынша жүлде төрағаның бір дауысына тәуелді болды. Сөйтіп, бас жүлдені Мұхтар Ниязов еншіледі. Ол жерге қалалық әкімшіліктің бірде-бір адамы кірген жоқ. Залдағы шешімге разы болмаған көрермендердің айқайы әкімді абдыратып тастады ғой, бірақ, алайда әкім ештеңеге араласқан жоқ. Тек, жүлдегерлерді марапаттады.

Дәулеткерей Кәпұлы, ақын. Алматы, 2016.12.09

Діни радикализм деп қалдыңыз, қазір айтыскерлер екі топқа бөлініп кетті деген пікір бар, айтысқа белгілі бір діни топтардың ықпалы болған жоқ па?

Осыдан төрт жыл бұрын, бірінші «Алтын домбыраға» Бекболат Тілеуханов пен Мұхамеджан Тазабеков иелік етіп, сол айтыстың бас жүлдесін Мұхтар Ниязов алды. Келесі «Алтын домбыра» кезінде де, айтысқа әкімшілік жағынан Бекболаттар ие болды да, Жүрсін Ерман кәдімгідей айтыстан шеттетілді. Айтыс жүргізетін Жүкеңді қонақ ретінде шақырып, иығына шапан жауып қайтарды. Жүкең сол кезде қатты ренжіді. Айтыскер ақындардың ішінде намазхандары да бар. Барлығын Бекболат пен Мұхамеджан мұрындық болып қажылыққа апарып келген. Оларды қастарында ұстап жүрді. Кейінгі айтыстарда Жүкеңнің қасында көп жүрген ақындардың біразы, олардың айтыстарына қатыспай қалып жүрді. Жер-жерді аралап өткізген айтыстарда Жүрсін жоқ. Әр түрлі жүргізіушілер қаптап кетті. Бекболаттар өздері қазылықта отырды. Осы кезде халық айтыскерлердің екіге бөліне бастағанын байқады. «Бекболаттың ақындары», «Жүрсіннің ақындары» деп жіктеген сөздерді де естіп қалып жүрдік. Бұл шындық. Ешкімнің аузына қақпақ бола алмайсың. Оны ақындардың арасындағы әңгімеден де байқауға болады. Мысалы, осы жолғы «Алтын домбыраға» Балғынбек пен Жандарбек қатысуы керек еді. Осыған дейін «Алтын домбыра» алған ақындар міндетті түрде айтысқа қатысуы керек. Былтыр екеуі де бас тартқан. Биыл да екеуі жоқ. Кеше «Алтын домбыра» өтіп жатқан кезде Шымкентте үлкен айтыс болған екен, Жандарбек сонда бірінші орын алды. Демек, ол айтысты қойып кеткен жоқ. Ал, Балғынбек Талдықорғандағы «Сүйінбайдың 200 жылдығында» мен айтысты қоям деп қоштасыпты. Айтыс – халықтың қазынасы. «Алтын домбыраның» иегерлері болғандықтан, халық оларды іздейді. Жүрсін ешкімнің маңдайынан шертіп «сен қатыспайсың» деген емес. Жасыратыны жоқ, дін жағынан ақындардың өздерінде де жіктелу бар.

Ескі айтыстан көрініс. Фото: youtube.com

1980 жылдардағы айтысты тыңдап отырсақ, ол кезде айтыста халықтық сарын басым болды. Ақынар қара өлеңнің мақамымен төрт тағандатып түсіріп айтты. Ал, сіздердің кезде айтыс белгілі бір деңгейге көтерілді десек болады. Жырауларша толғап айттыңыздар. Ал, қазіргі айтысқа жастар не әкеле алды? Айтысты шоуға айналдырып жіберген жоқ па?

– Кез-келген өнердің шарықтау шегі болады, сосын арасында тоқырау кезеңі болады. Сен айтқан, 1980 жылдары халық айтысты, халықтық сарынды нағыз сағынып отырған кезең еді. Сол кездегі айтыстың бейнебаяндарын көріп отырсаң, көрермен қарапайым ұйқасты сөздің өзіне қол шапалақтап, тамсанатын. Қазір халықты оңай-оспақ сөзбен желпіндіре алмайсың. Өйткені, тыңдарманның деңгейі өсті. Ал, тәуелсіздік жылдарындағы айтыста халықтың рухын көтеру керек болды. Бұған Мэлс Қосымбаевтің ұзақ-ұзақ толғаулары, Аманжол Әлтаевтың сахнада арқаның сырбаз, сал-серілігімен  жайқалып отырып, халықтың жүрегіндегі сөзді айтуы, Оразалы Досбосыновтың көне фольклордан бастау алған рухты жырлары, Бекарыс Шойбековтың қылыштай өткір, қырғи тілі – осылардың барлығы сол кездегі халықтың жан қалауы еді. Жұрттың айтысқа деген махаббаты ерек болды. Айтыс та өнердің бір биік шыңы екенін көрсетті. Жетпіс жыл бодан болған елдің рухы оянып, өзінің әлеуетті қауым екенін сезінген кезең болды. Одан кейінгі уақыттарда айтыстың түрі көбейді. Қазақстан ұлттық арнасында, соңынан Хабар арнасында телевизиялық айтыстар өтті. Айтыскер жастар да көбейді. Олардың еліктейтіні алдыңғы кезеңдегі ақындар. Солардың мақамы мен сөз саптауына дейін қайталағысы келген жастар болды. Салғандары да кезікті. Бірақ, ол кезде халық ұзақ толғау айтыстан жалыға бастаған-ды. Содан кейін ақындар шоу жасауға бейімделіп, ел арасында көп таралған халықтық, эстрадалық әндерді өзгертіп, әзіл өлең айтуға ойысты. Бұның басында Балғынбек Имашев тұр. Алайда, бұл Балғынбектің айтысу мәнеріне, болмысына жарасатын еді. Ол табиғатымен әзілдің адамы. Сонымен, кейінгі жастар "бәріміз Балғынбекше айтсақ халыққа өтімді боламыз" деп ойлады. Сөйтіп, қазір барлығы ән айтатын болып кетті. Ол біреуге жарасады, біреуге жараспайды.

Қазір айтыстың тілі де жеңілдеді. Кешегі «Алтын домбырадағы» Болатбекті алып айтсақ, жырында фольклорлық сарын басым. Оның айтқандарын тыңдармандар қолданыстан қалып кеткен көне сөз деп қабылдайды. Шындығында олай емес. Олардың бәрі қазақ әдеби тілінен әлі көшпеген сөздер. Қазір айтыста күрделілеу бір тіркес айтып қалсаң , қайдан тауып айтып отыр деп ойлайды. Негізінде, бұның барлығы халықтың арасында әлі бар сөздер. Ұлттың қанынан өшпеген, сүйегіне сіңген сөздер болғандықтан, жұрт сондай бір мәйекті дүние естігісі келіп тұрады. Ал, біздің жастар ше? Олар қазіргі жаһандану дәуірінде айтарын интернет бетінен іздейді. Көркем әдебиетке деген махаббат жалпы хылық арасында азайған уақыт болып тұр. Соған орай, айтыста да жеңіл сөз, қасаң тіл пайда болды. Жанды тіркестермен жандырып жіберетін ақындар қатары аз. Айтысқа халық фольклорын, жыраулар әдебиетін қотарып алмаса да, өз тіліне бейімдеп айтатын сүбелі тіл керек. Айтыста шоудан арылсақ деген арманым бар. Жастар тайыз тілмен жеңіл кетіп бара жатыр. Осы жағдай сәл қынжылтады.

Дәулеткерей Кәпұлы, ақын. Алматы, 2016.12.09

– Кез-келген дүниенің өткені, бүгіні, болашағы болатыны сияқты, айтыстың да бүгіні, ертеңі бар. Осыған негізделсек, жаһандану дәуірінде қазақ айтысының болашағы қалай дамиды? Қазір айтыс ақыны деген арнайы мамандық та беріліп жатыр. Енді осы айтыстың теориясын зерттеген нақтылы еңбектер жазылды ма?

Қазір әлеуметтік желілерде «енді ақындарға фонограмма жазып алып айтысу ғана қалды» деген сөздер де айтылып қалады. Бірақ, «соны айтып отырған адам, өзі сахнаға шығып көрсе» дегің келеді.  Айтыс деген екінің бірінің қолынан келе беретін дүние емес қой. Біз өзі біткен іске сынды жақсы айтамыз. Заман қанша дамыса , ғылыми жетістіктердің айтысты аспандатып жіберетініне мен сенбеймін. Айтыс – халықтық өнер, синкреттік өнер. Бүгінде эстрадада техниканың көмегімен дауыс жасап, әнші болып жүргендер бар ғой. Ал, айтыста қолдан ақын жасай алмайсың.

Ертеден келе жатқан айыстарды жинақтап, зерттеген еңбектер бізде жетерлік. Мұхтар Әуезовтен бастап, Есмағамбет Исмайловтың еңбектерінде, Мәлік Ғабдулиннің зерттеулерінде де айтыс турасында тереңдей жазылған. Кейін айтыстың айналасында жүрген ақындар да ғылыммен айналысты. Лена Әбдіхалықова «Сыр бойының жазба айтысы» атты, Балғынбек Имашев айтыстағы әзіл-қалжың жағынан  кандинаттық диссертация қорғады. Айбек Қалиев Торғай ақындары төңірегінде еңбек жазған. Мырзатай Жолдасбеков «Қазақтың классикалық өнері» деген еңбек шығарды. Соның ішінде жеті том айтыс бар. Енді айтысты ғылыми түрде жүйелеу дегенге келейік. «Айтыстану» деген жекелей мамандық болғаны жеткіліксіз. «Айтыстану» деген ғылыми орталық ашу қажет. Сол орталық ақындарды әшкерелеп отыру керек. Бір жылда қанша айтыс болса барлығын хатқа түсіріп, қай ақын қай жерде айтқанын қайталады, немесе елден ұрлады, соның бәрін қадағалап, ескерту беріп отыру керек. Ақындардың сауаттылығымен айналысатын орталық керек. Сонда ғана айтыс бүгінгі биігінен аласармайды деген үмітім бар.

– Айтыс өнері ұлтымыздың өзіндік дара ерекшелігі. Өзге жұрттың осы айтысқа деген бағасы қандай?

 – Кешегі «Алтын домбыра» айтысы кезінде Жүкең Жапониядан келіп, айтысты зерртеп жүрген қызды халыққа таныстырды. Айтысты бұл күндері қазақ пен қырғызда ғана қалды деп айтып жүрміз. Негізінде, арабтың бәдәуилерінде де айтыстың сұлбасы болған. 2000 жылдары Мырзатай Жолдасбеков Еуразия ұлттық университетінің ректоры болып тұрған кезінде, халықаралық айтыс жасады. Соңында айтыс туралы халықаралық конференция өтті. Оған Түркиядан да ақындар шақырылды. Түріктерде айтыс сахналық ойын ретінде қалып қойған. Олар екі еріннің ортасына ине тіреп алады екен де, еріндік дыбыстарды айтпай айтысуға жарысады екен. Бұлардың бәрі біздің деңгейдегі айтыс емес. Ал, қырғыздың айтысында фольклор әлі басым. Олардан біздің ақындар сияқты жанынан суырып, көркемдеп айтып отырған адамды көре алмайсың. Ескі жырлардың сарынымен жеті-сегіз жолдан бір ұйқастырып, шұбыртып айта береді. Жалпы, қазақ айтысының деңгейі басқалармен салыстырғанда жоғары. Шетелдерде айтысты зерттеп, жинақтап жүргендер жетерлік. Қазақ айтысының туы ешқашан құламасын деп тілеймін!

  – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Ретбек Мағазұлы

«The Qazaq Times»