СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Айыртау ауданының жұртшылығына жаңа аудан әкімі Бейбіт Исмановты таныстырды. Исманов соңғы 6 жыл бойы автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасының басшысы болған. Сондықтан өңір басшысы жаңа әкім жол мәселесін жақсы білетіндігін, инфрақұрылымды дамыту жаңа әкімнің басты міндеті және туристік әлеуеті жоғары Айыртау ауданы үшін бұл өте маңызды екенін атап өтті.

«Айыртау ауданы шағын және орта бизнес, қызметтер көрсету және туризмды дамытуда үлкен мүмкіндіктерге ие. Мемлекет инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөледі. Былтыр жолдарды жөндеуге 1,2 млрд теңге бөлінсе, биыл 1,1 млрд теңге бағытталды. Қосымша тағы қаржы бөлеміз. Туристік нысандарға жолдарды жөндейміз, тиісінше бұл өз жемісін беруі тиіс», - деді Құмар Ақсақалов.

Туризм дамыған сайын жаңа жұмыс орындары да пайда болады. Қазір бұл салада бар болғаны 511 адам еңбектенуде. Енді жаңа әкім Имантау-Шалқар курорт аймағында туризмды дамыту үшін қызықты жобаларды тауып, инвесторларды  тарту керек.

Кәсіпкерлер облыс әкіміне туризм саласындағы жаңа жобаларын таныстырды. Биыл Айыртау ауданында 7 жоба жүзеге асып, 30 жұмыс орны ашылмақ. Бұл палаталық қалашық, автокараванинг және демалыс орындары. «СолнечныйVIP» демалыс базасында дәмхана ашу жоспарланған. Сондай-ақ туристік нысандар ойын-сауық қызметтерінің түр-түрін көрсетпек.

“The Qazaq Times”