Осыдан бір ғасыр бұрын әлемді Дүниежүзілік бірінші соғыстың өрті шарпып тұрған еді. Әлемнің геосаяси картасы ай сайын аунап, жыл сайын жаңарып жатқан. Екі реткі ғылым-техника революциясының ықпалында әлемге жаңа құндылықтар салтанат құрып, имперализм мен феодализмге қарсы күрес дүмпулері тынбай естіліп тұрды. Бір елдерде жалаулар көтеріліп, адамзаттың болашағын түбірімен өзгерте қоятын болып, ұрда-жық ұрандар көтеріліп жатса, енді бір елдерде отаршылдыққа қарсы өліспей беріспейтін күрестер жүріп жатты. Әрине, ол дәуірдің тарихи бағасы бұған дейін беріліп қойды. Біз оны жаңалаудан аулақпыз, айтпағымыз – бүгін.

Әлемдік жағдайды салмақтап қараған сарапшылардың басым көбі болмаса да, ішінарасы қазіргі кездегі әлем жағдайын Бірінші дүниежүзілік соғыс алдындағы кезге ұқсатады. Шетелдік ықпалды ақпарат құралдарының жазбаларын ақтарып отырып мұндай ойларға бірнеше рет ұшырасып қалғанымыз бар. Әрине, екі реткі дүние соғысын басынан кешірген адамзат көп сабақ алды. Сондықтан да ақылды адам адамзатқа ортақ зобалаң алып келетін соғыстың қайта болуын арамандамайды да, тілемейді. Бейбітшіліктің қадірін әбден түсінген, сол соғысты көрген адамдардың саны күн санап азайып келе жатса да, "Соғыс" деген осы бір зұлматтың мәңгі болмауын тілейтіндер көп.

Бір ғасыр бұрын ояна бастаған жаңа құндылықтар, жаңа бірегейліктер, олардың арасындағы кереғар-қайшылықтар миллиондаған адамды соғысқа итермеледі. Императорларға қарсы оқ атылды, империялар арасында да қақтығыс болды. Ақыры, Бірінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде Аустрия-Венгрия, Британия, Осман сынды алып империялар ыдырады. Дүние картасында бадырайып-бадырайып жатқан шекаралар ұсақтала түсті.

Өткен ғасырдың соңын ала жаһандану, әлемдік біртұлғалану идеясы белең ала бастады. Бұл әсіресе экономикадан анық көрініс тапты. Әлем экономикасы "тонның ішкі бауындай" жымдасып, кірігіп кетті. Үкіметтер де бұл жаңа ауқымды бағамдап, соған сай қам-қарекет ете бастады. Алайда, әлемнің тұтастай бір тұлғаға айналып кетуіне қазіргі адамзат қоғамының деңгейі әлі де дайын емес екеніне көз жеткіздік. Себебі, Ұлттық идеология әлі де өзінің күш-қуатын сақтап тұр. Дүниежүзілік бірінші соғыстан бері бөлшектенген әлем, әлі де сол үрдістен танбағандай көрінеді. Мызғымастай көрінген Кеңес одағының ыдырауы да көп нәрсеге жауап береді.  Балқан түбегі, Шығыс Еуропа, Таяу- Шығыс өңірлерінде бұған мысал жеткілікті. Қазір, Таяу-Шығыста күрдтер дербестікке ұмтылса, бірлікке ұмтылған Еуропа елдерінің өзінде Британия одақтан шығып, Испанияда Каталония дербестік сұрауда.

Тек осы мысалдар ғана тұтас әлемнің бөлшектене түсуге бет алғанын анық дәлелдемейді. Десек те, дін ішінен дін, ел ішінен ел, қоғам ішінен қоғам бөлініп шығып, қайшылықтарды ұлғайтып, қару сілтесіп, қабақ жарысып, жаға жыртысып әлемдік бейбітшілікті қатерге ұстап отырғаны қалай? Кімдер осыған мүдделі болды? Әлде бұл "бөліп ал да билей бер" дейтін отаршылдардың пиғылы әлі де өмір сүріп тұрғанын білдіре ме? Тап басып "былай еді" деу мүмкін емес. Қалайда әлемнің абыр-сабыр күйде екені анық.

Бүгінгі күнде бөлшектеніп жатқан мемлекеттер емес, сенімдер мен идеологиялар. Жаңа экстремистік ой-ағымдар пайда болып, сенімдер мен ортақ идеологияларға қарсы шығуда. Ресей мен Қытайға көршілес Қазақстан сол екеуінің ғана емес үш бірдей оттың ортасында деуге болады. Ең басты құндылықтарымызды күйретуге жасалған қандай да бір шабуыл тікелей бізді бөлшектеуге жасалған шабуыл. Өз сеніміне өзін, өз еліне өзін қарсы қойған жат сенім алдында билік пен халықтың қалғып кетуіне де болмайтындай көрінеді.

“The Qazaq Times”