Ресей қарулы күштері Қазақстан аумағында жаңа әуе қорғанысы зымыранын сынақтан өткізді.

Ақпан айының 11-і күні Ресей қарулы күштерінің баспасөз қызметі өзінің YouTubе каналына Қазақстан аумағындағы Сарышаған сынақ алаңында әуе қорғанысы зымыранын сынақтан өткізу сәті бейнеленген видеоролик жариялады. Онда Сарышаған сынақ алаңынан ұшырылған зымыранның белгіленген нысанаға дәл тигендігі көрсетілген. Аталмыш видеоролик жарияланғаннан кейін, Ресей Қорғаныс министрлігіне тиесілі «Красная звезда» басылымы Сарышағаннан ұшырылған зымыранның сәтті сынақтан өткендігі жөнінде ақпарат таратқан.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Ресей қарулы күштері 2017 жылдың қыркүйек айында «Батыс-2017» әскери оқу-жаттығу жұмыстары аясында Капустин Яр сынақ алаңынан «Ескендір-М» зымыранын ұшырған болатын. Жоғары қауатты «Ескендір-М» зымыраны 480 шақырым ұшып Қазақстан аумағындағы Мақат полигонына келіп құлаған.

“The Qazaq Times”