25 қаңтар Қазақстанның саяcи жағдайында сең қозғалғандай болды. Бұл – мемлекеттің болашағы үшін аса маңызды реформаның басталуы. Елордада ҚР президенті Н.Назарбаев Қазақстан Конституциясы мен заңдарына өзгерістер енгізе отырып, президенттік биліктің өкілеттіліктерін Парламент пен Үкіметке бөліп беру керектігін жариялады. Алдағы ұзақ болашақты, әлемдік саяси жүйенің дамуы мен өзгерістері ескеріле отырып қабылданған шешім – Қазақстан демократиясы мен билік жүйесінің болашағын жарқын жақтан елестетті.

Президенттік, Парламент және Үкімет биліктерінің теңгерімін қалыптастыру – демократия шекпенін жамылған барлық елдерге тиеселі үлгі. Қазақстандағы бұл тосын жай отандық БАҚ-пен қатар шетелдік ақпарат құралдарын да бей-жай қалдырмады. Көршілес елдердің – Ресей, Қытай, Әзербайжан, Иран және Украина ақпарат кеңістігіне шолу жасағанымызда, алуан пікірлердің куәсі болдық.

Қытай «Шинхуа» (Синхуа) агенттігінің Астанадағы тілшісі Жу Лияң қытайлық ақпарат құралдарына берген хабарында (“xinlang” http://news.sina.com.cn/o/2017-01-26/doc-ifxzytnk0074145.shtml ), президент Н. Назарбаевтың: «Қазір әлемдегі жағдай тез өзгеруде, Қазақстанда азаматтық қоғам үрдісі барған сайын дамып әрі күрделеніп келеді. Қазақстан өңірлік және жаһандық қауіп-қатерлерге қалай төтеп беру керектігін ойлануы керек. Осының бәрі президенттік, парламенттік, үкіметтік биліктерді теңестіруді талап етеді», – деген сөзін жеткізіпті.

Қытай тілшісі, президент Н.Назарбаевтың 40-қа жуық өкілеттіліктерінің біразын Парламент пен Үкіметке бөліп беруге шешім жасағанын айтады. Бұдан Парламент, Үкімет биліктерінің айтарлықтай нығая түсетіндігін тілге тиек етеді. Нұрсұлтан Әбішұлының «Реформадан кейін президенттік биліктің рөлі –  Парламент пен Үкімет арасында төрешілік ету, дипломатиялық шешімдерге жауапты болу, ұлттық қауіпсіздік пен мемлекет қорғаныс істеріне жауапты болады. Бұрынғыдай бір қолға шоғырланған билік келмеске кетті» деген пікірін жариялапты.

Қытай агенттігінің хабарынан тек ақпарат көре аламыз.  Аталған шешімнің Қазақстан үшін аса маңызды екенін ғана атап өтіпті. Алайда, алдағы уақытта қытайлық беделді БАҚ бұл тақырыпқа сараптама жасауы мүмкін. Сайтымыз оны да назарында ұстайды және қазақстандық аудиторияға жеткізуге тырысады.

Ресейдің «РИА.РУ» – "Россия Сегодня" сайтында да бұл туралы хабарланды. (https://ria.ru/world/20170126/1486507818.html)  Риа.ру ҚР Сенат төрағасының орынбасары Сергей Громовтың сөзіне сілтеме бере отырып: «Конституциялық реоформа бойынша, Елбасының 30-дан астам өкілеттілігі Үкіметке берілетін болады», – деп хабарлапты.

Аталған сайтта С.Громовтың сөзімен –  «Конституцияға енгізілген бүгінгі өзгерістер қоғамға, әлеуметтік дамуымызға кері әсерін тигізбейді. Президенттің Үкіметке өкілеттілігін беруі – Үкіметке үлкен жауапкершілік жүктейді. Алайда, қажетті жағдайда Президенттің жарлығын күтпей, тиісті шараларды қолдануға мүмкіндік алады», – дегенді айтады. Оған қоса, “Өткен жылы желтоқсан айының ортасында Н. Назарбаев президент, парламент, үкімет арасында өкілеттілікті реттестіріп бөлу мүмкіндігі  туралы арнайы комиссияға тапсырған болатын. Алайда, «Қазақстан президенттік басқарудағы ел болған және солай болып қала береді» дегенді атап өтті”, – дейді Риа.ру.

Каспидың арғы бетіндегі көршілеріміздің интернет-басылымына назар салғанымызда, аталмыш реформа тақырыбын trend.az сайтынан жолықтырдық.

Қазақстандағы Конституциялық реформа жобасы жалпыхалықтық талқылауға ұсынылады.

«Басты мәселе – президент өзінің өкілеттілігін Парламент пен Үкіметке бөлу», – дейді Н.Назарбаев. Ол   Қазақстандағы Конституциялық реформа жобасын жалпыхалықтық талқылауға ұсынды. Осыған сәйкес Жарғы да дайын», – деп хабарлайды trend.az.

Н.Назарбаевтың Президент өкілеттілігін бөлу туралы «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» қарсаңында өткен салтанатты жиналыста айта кеткенін, қаңтар айында аталмыш ұсынысты жүзеге асыру үшін арнайы топ құрылғанын да хабарлайды әзербайжандық сайт. Президенттік басқару жүйесі туралы сайт:  “Дегенмен, ол «Қазақстан Президенттік басқарудағы ел болған және солай болып қала береді» деп шегелеп өткен”, – дейді.  Реформадан кейінгі президенттік өкілеттілік туралы ұқсас ақпараттар бере келе “Президенттің айтуынша, өкілеттілігінің  шамамен 40-ын Үкіметке немесе Парламентке беруге болады”, – деп көрсетеді.

Ал, Иран ақпараттық сайты parstoday.com ISNA ақпарат агенттігі «Спутникке» сілтеме жасап, хабар жариялапты.

Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті телеарналар арқылы жасаған үндеуінде былай делінген: «Пайдалырақ, тұрақтырақ және заманға сай басқару жүйесін қалыптастыру мақсатында президенттік өкілеттіліктің маңызды бөлігін Парламент пен Министрлер кабинетіне беруге байлам жасадым». 

Ел Парламентінің Министрлер кабинетін қалыптастырудағы рөлі күшеюі тиіс.

Парламент депутаттары қажет болған жағдайда үкіметті тарата алатындай мүмкіндікке ие болуы тиіс», – деп жазылған parstoday.com-ның мәтінінде.

Ал, көршілес елдер мен аймақтардан өз пікірін қосқан украиналық unn.com.ua сайты болды.  ( http://www.unn.com.ua/ru/news/1638679-prezident-kazakhstanu-virishiv-provesti-reformu-i-stati-verkhovnim-arbitrom ) Онда ақпаратты мынадай сөздермен берген: Хабарламада көрсетілгендей, қазіргі уақытта Қазақстан президентінің елде өкілеттілігі өте жоғары. Атап айтқанда, Сенаттың, жоғары палата өкілдері мен бірнеше шенеуніктердің келісімімен, мемлекет төрағасы премьер-министр мен министрлерді, Қазақстан елшілерін тағайындайды. Сондай-ақ, ол Парламент сайлауы мен  референдумды да тағайындау жоспарымен бөлісті. Осы уақытқа дейін Қазақстандағы заңнамалық өзгерістер президенттің билігін, керісінше, күшейтіп келген.

Сонымен қатар, Н.Назарбаев "ҚР бірінші президенті" деген ерекше мәртебеге ие. Елде қазіргі уақытта Назарбаевтың жеке басына табынушылық бар және оған "Ұлт Көшбасшысы" деген атақ берілген.

Орта Азиядағы өзіндік салмағы бар әрі Қытай, Ресей сынды ірі державалардың ортасында орналасқан, жері кең, шикізатқа бай Қазақстанның саяси өмірі өзгелерге қызық екені даусыз. Әсіресе, ұзақ жыл президенттік басқаруда болған елдің басшысы кенет жаңа демократиялық қадамдар мен билікті бөлу туралы үндеу жариялап жатуы - әлемдік болмаса да, өңірлік саяси шешімдерге біраз өзгерістер енгізері анық.

“The Qazaq Times”