Осыдан төрт күн бұрын, бір қытайлық бастауыш мектеп оқытушысының әлеуметтік желіге жүктеген суреті сол елдегі желі тұтынушыларының күшті талқы тақырыбы болды. Суретте сегіз жастағы қытайлық оқушы мектепке беттерін үсік шалып, шашы мен қастарына дейін ақ қырау болып келген. Оның суретін мұғалімі әлеуметтік желіге салысымен «кішкентай Уаң» делінген бұл сурет қытайлық әлеуметтік желі тұтынушылары арсында кедейлік жағдайы бойынша талқының өзегіне айналған. Онда жергілікті биліктен мұндай жағдайға қандай шара жасап жатқаны туралы сұраулар көбірек қойылды.

Ресмилердің таратқан мәліметіне қарағанда «кішкентай Уаң» Қытайдың Юннань провинциясына қарасты бір ауылда тұрады. Ол әр күні мектепке 4,5 шақырым жаяу жүріп барады. Оның суреті желіге жарияланған күні бұл өңірде температура -9С° болған екен. Оның арт артынан жарияланған екі суреті әлеуметтік желіде танымал болды. Оның бірі – жоғарыдағы Уаңның қас-кірпігіне дейін қырау қатқан бейнесіне оқушылардың күліп жатқан суреті болса, енді  –оның оқушы күнделігінің суреті. Одан кішкентай Уаңның 5-ке оқитын бала екенін көруге болады.

«Кішкентай Уаң» тақырыптың тиегі ғана. Әңгіме Қытайдағы кедейлік мәселесі. Әлемде екінші орында тұратын экономикаға ие ҚХР билігі ел халқын кедейліктен құтқару уәдесін бергеніне 70 жылға жақындады. Өткен жылы қазан айында өткен ҚКП үлкен құрылтайында да Қытай басшысы Ши Жинпиң ел халқын жақын арада толықтай кедейліктен құтқаруға уәде берді. Дегенмен, Қытайдың ауылды жерлерінде әлеуметтік жағдайдың нашарлығы әлі де шешім таппаған.

Дегенмен, «Кішкентай Уаңның» суреті жарияланғаннан кейін аталған провинциядағы танымал Pear Video сайтының журналистері оны іздеп барған. Оның әлеуметтік жағдайының шынында төмен екені анықталғаннан кейін, әлеуметтік желі тұтынушылары жергілікті билікке мәселені шешу туралы талап қойған. Жергілікті үкімет жағынан Уаң оқитын мектепке 15 мың АҚШ долларын бөліп, оқушыларына толықтай жылы киіммен қамтамасыз етуді тапсырған.

“The Qazaq Times”