Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев кезекті жолдауына қатысты қысқаша мәлімдеме жасады. Оның биылғы мәлімдемесі бас-аяғы алты минутқа созылды. Назарбаев жолдауының толық нұсқасы ертең мемлекеттік БАҚ беттерінде жарияланады. Ол осымен қатарынан екінші жыл Қазақстан халқына арналған жолдауын жазбаша түрде жасауда.

"Қымбатты отандастар! Қазақстан әлемдегі түрлі сынақтарға төтеп беріп, қарқынды экономикалық даму жолына бет алды. Еліміздің 2050-ші жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму стратегиясы жүзеге асырылуда. Жүз нақты қадам Ұлт жоспары аясында біз реформаларды жүргізіп келеміз. Индустрияландыру саласын өркендету үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Біз конституциялық реформаны жүзеге асырып, еліміздің Үшінші жаңғыруын бастадық. Рухани жаңғыру бағыты бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде. "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы қабылданды.

Біз жүзеге асыруға тиіс  10 негізгі міндет бар. Мен оларға қысқаша тоқталғым келеді.

Бірінші. Қазақстан индустриясы жаңа технологиялар енгізудің көшбасшысы болуы тиіс. Біздің өнеркәсіпте цифрландыру мен заманауи бизнес-модельдерді дамыту арқылы еңбек өнімділігінің деңгейін арттыру қажет.

Екінші. Ресурстарды пайдаланудың тиімділігін жақсарту қажет. Ақпараттық-технологиялық шешімдерді енгізу қажет. Бұл өндірілетін өнім үлесін артыруға, өңдеуге, сондай-ақ энергия тиімділігі мен экологиялық таза өнім алуға мүмкіндік береді.

Үшінші. Агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру керек. Бұл ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын түбегейлі арттыруға тиіс.

Төртінші. Транспорт пен логистикалық инфрақұрылымды одан ары дамыта беру. Цифрлық технологияларды енгізу мен Интеллектуалды транспорт жүйесін құру жүк тасымалдау мерзімдерін қысқартуға және транзиттен түсетін табыстарды еселеуге мүмкіндік береді.

Бесінші. Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылыққа заманауи технологияларды пайдалану. Жаңа құрылыс әдістері ғимараттардың энергетикалық тиімділігі, интеллектуалды инфрақұрылымды басқару жүйелері қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартады.

Алтыншы. Қаржы секторын қайта құру. Банк жүйесін сауықтыру жұмысы толық бақылау арқылы жүзеге асуы тиіс және қарапайым азаматтардың мүддесі ескерілу керек. Тез арада банк жүйесіне иелік ететін және оны басқаратындардың жауапкершілігін арттыру. Сондай-ақ,  кредиттеуді ұлғайтып, қор нарығын дамытуды қамтамасыз ету қажет.

Жетінші. Адам капиталының сапасы. Білім беру жүйесінің барлық деңгейлері қазіргі экономика талаптарына сай болуы тиіс. Сондай-ақ, мұғалім мамандығының беделін арттыру керек. Денсаулық сақтауда жаңа технологияларды пайдалану ауруларды емдеуді жақсартып, медициналық көмектің сапасын арттыру қажет. 2016-2017 жылдары әлеуметтік төлемдер үш есе артты. Оның ішінде базалық зейнетақы - 29 пайызға, бірлескен зейнетақы - 32 пайызға, медицина қызметкерлерінің жалақысы 28 пайызға дейін, білім беру саласында 29 пайызға дейін, мемлекеттік қызметкерлердікі 30 пайызға дейін өсті. Бұл тенденция жалғасады.

Сегізінші: Бұл мемлекетті тиімді басқару. Санды технологиялар бизнес қызметін реттеуді жалғастыруға, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қолдау сапасын жақсартуға, азаматтардың қажеттіліктерін толығымен ескеруге мүмкіндік береді. Өңірлердің және өзін-өзі басқарушы жергілікті  орындарының экономикалық тәуелсіздігі артады.

Тоғызыншы: Заң үстемдігі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттары болып қала береді.

Оныншы: "Смарт сити" технологиясын енгізу дамушы қалалардың проблемаларын тиімді шешуге және инвесторлардың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде біз бәріміз осы он мәселені шешуге тырысуымыз керек. Жолдаудың толық мәтінінде бұлар толық баяндалған.

Құрметті қазақстандықтар! Аталған міндеттерді орындау үшін бүкіл қоғамның бірлігі мен ынтымағы керек. Ол үшін Үкімет пен әкімдер кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Отанымыздың көркеюі әркімнің жаңа "цифрлық дәуір" талаптарына сай болуына байланысты. Осыны әрбір қазақстандық терең түсінуі керек. Қазақстанның жарқын болашағы жолында барлық мақсаттарға қол жеткізетінімізге кәміл сенемін!", - деді Президент респуликалық телеарналар арқылы жасаған мәлімдемесінде.

“The Qazaq Times”