Иранда билеуші режимді қолдайтын шерулер жаңа күшпен жалғасын тапты.  Өткен аптада басталып, 21 адамның өліміне себеп болған, әлеуметтік мәселелер мен елді басқарушы топтың саясатына наразылықтан туындаған халықтық қарсылық шараларына жауап ретінде Иранда Үкіметті қолдайтын шерулер үшінші күн қатарынан Теһран және оған іргелес 40-қа жуық аймақта өтіп жатыр. Бұл туралы AFP ақпараттық агенттігі жазды. 

Иранның өкілетті тұлғалары бейбітшілікті бұзған митингілерге АҚШ, Израиль және Сауд Арабиясы сияқты шет мемлекеттерді кінәлі деп тапты. Осыдан бұрын елдегі жағдай орнығып, халықтың қарсылығы толықтай басылғаны туралы хабар таратылған болатын. Осы мәлімдемеден соң, кейбір ақпараттық агенттіктер  шалғай аудандар мен шағын ауылдарда Үкіметке қарсы қозғалыстар тоқтамағанын жазған еді. Дегенмен бұл деректерді растайтын дәлелдер жоқ. AFP тілшісінің айтуынша, көтерілістің ізі де байқалмайтынына қарамастан, қала көшелерінде полиция қызметкерлері қаптап жүр. Олар жергілікті халықтан бүлік шығаруға тырысқандардың фотосуреті мен бейнежазбаларын жіберуді сұраған.

Үкіметті қолдайтын шерулердің қатысушыларының бірі AFP ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында: "Біз өз мәселелерімізді өзіміз шеше аламыз. Иранның ішкі саясатына АҚШ, Израиль не Сауд Арабиясы сияқты шет мемлекеттердің араласқанын қаламаймыз!", - деген пікір айтқан. Бұл - Иран халқының АҚШ-тың соңғы енгізген санкциясы мен Теһрандағы жағдайды БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі деңгейінде талқылауды ұсынуына білдірген наразылығы.

Иранның Ішкі Істер министрі Абдолриза Рахмани Фазли билікке қарсы митингілерге жалпы саны 42 мың адам қатысқанын хабарлады. Бұл осыдан бұрын наразылық шерулеріне бар-жоғы 15 мың адам жиналды деген Революциялық гвардияның дерегінен көп болғанымен, 2009 жылы сайлау қорытындысына келіспей қала көшелеріне шыққан жүздеген мың ирандықтардан аз көрсеткіш. Иран Үкіметі елдегі бірқатар әлеуметтік мәселелерді, әсіресе жастар арасындағы 30 пайызға жеткен жұмыссыздықты мойындады. Қоғам белсенділері  биліктен елдегі экономикалық ахуалдың төмендігіне қатысты халықтың өтінішін ескеруді сұрады.

Иранның Бас Прокуроры Мұхаммед Жафар Монтазери АҚШ, Израиль және Сауд Арабиясы бағалардың өсуі мен әлеуметтік қордаланған мәселерді провокация құралы есебінде пайдаланғанын айтады. Оның келтірген дерегіне сәйкес, аталған мемлекеттер әлеуметтік желілерде "Жоғары бағаларға жоқ дейміз! Қымбат төлемдерден бас тартамыз!" деген ақпараттық кампания жүргізген.

"Интерфакс" ақпараттық агенттігіне сәйкес, Ресей Сыртқы Істер министрінің орынбасары Сергей Рябков "АҚШ өзге мемлекеттердің ішкі істеріне ашық та, астыртын да араласуын доғаратын емес" деген пікір білдірген. Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған да АҚШ-тың қадамын қолдамады.

Ағымдағы жылдың 12 қаңтары күні 2015 жылы Иран мен әлем елдері арасында жасалған ядролық келісім аясындағы АҚШ-тың санкцияларды қайта қарастыру уақыты келеді. Сол уақытта Дональд Трамп АҚШ-тың санкциялардан бас тарту туралы шешімін сақтау не экономикалық қысым шарасын қайта енгізу туралы шешімін жариялайды.

“The Qazaq Times”