"Қазақстан шекарасында әлі күнге дейін бақылау бекеттері тұр. Қырғызстан тасымалдаушылары одан өту үшін 600 мың теңге төлеуі тиіс" – деп мәлімдеді Қырғызстан Іскерлік қауымдастықтар Ұлттық Альянсы (ІҚҰА) хатшылығының меңгерушісі Эльвира Боромбаева.

Желтоқсан айының 27-сі күні ІҚҰА өкілдерінің кәсіпкерлермен кездесуінде Эльвира Боромбаева Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекара дауы жайында мәлімдеме жасаған. Ол онда: «Соңғы рет қазақ-қырғыз шекарасында болған дағдарыс көптеген мәселелрдің туындауына себеп болған. Бизнесмендер өздерінің әлсіз тұстарын білді. Бірақ бұл мәселелерді шешу үшін мемлекеттік органдардың көмегі қажет. Біз ақпарат соғысында жеңіліп қалдық. Қазақстан тарапында болған заң бұзушылықтарға біздің мемлекеттік органдар уақытында жауап бере алған жоқ. Осының салдарынан қырғызстандық тасымалдаушылар зардап шегуде. Қазақстан шекарасында әлі күнге дейін бақылау бекеттері тұр. Тасымалдаушылар одан өту үшін бұрын 300 мың теңге берсе, қазір 600 мың теңге береді. Біз жақында кезекті сотта жеңіліс таптық. Бұл жерде бізге мемлекеттік органдардың көмегі қажет» - деген.

Естеріңізге салайық, желтоқсан айының 25-сі күні Астанаға Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков ресми іс-сапармен келген. Іс-сапар барысында ол Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, қазақ-қырғыз шекарасын шегендеуге (делимитациялауға) байланысты құжатқа қол қойып, стратегиялық әріптестікті одан ары дамыту жайында келіссөздер жүргізген болатын.

“The Qazaq Times”