Желтоқсан айының 17-сі мен 19-ы аралығында Алматы облысының Талғар ауданындағы «Almaty Horse and Polo Club»  ат спорты кешенінде шөгеннен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған турнир болып өтті.

Турнирге «Әулиеата» шөген клубы, «Astana Polo Club»,  «Almaty Polo Club», «Almaty Horse & Polo Club» және «Tu’lpar Polo Club»  командалары қатысты. Үш күнге созылған тартысты ойында «Almaty Polo Club» командасы бірінші орын, «Astana Polo Club» құрамасы екінші орын, «Әулиеата» шөген клубы үшінші орын алды. Үшінші орын үшін өткен ойында  «Әулиеата» шөген клубы «Almaty horse & Polo Club» командасымен кездесіп, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Осы ойында қарсыласының қақпасына 3 гол соққан «Әулиеата» командасының капитаны Нұрдәулет Момынов ойыннан кейін турнир жайында пікір білдірді. Ол онда: «Бүгін өте жақсы ойын болды. Астана мен Алматы қалаларының командалары халықаралық турнирлердің жеңімпаздары екендігі белгілі. Біз бүгін оларға лайықты қарсылас болғанымызға қуанып тұрмыз. Жалпы, көкпардан кейін шөген ойнау аса бір қиындық туғызбайды. Алдағы турнирлерде бірінші орын алуға тырысымыз» - деді.

Ал бірінші орын үшін болған ойында «Almaty Polo Club» командасы «Astana Polo Club» құрамасын 3:2 есебімен жеңді. Айта кететін бір жайт, бұған дейін дәл осы екі команда тамыз айында өткен Қазақстан чемпионатында финалда кездескен болатын. Ол кезде астаналықтар алаң иелерін 6:4 есебімен тізе бүктіріп, Қазақстан Республикасының 2017 жылғы чемпиондары атанған.

Қазақстан шөген федерациясы 2012 жылы құрылған. Сол уақыттан бастап қазақ шөгеншілері түрлі халықаралық турнирлердің жеңімпаздары атанып үлгерген. Ал 2014 жылы Қазақстан Халықаралық шөген федерациясына мүшелікке қабылданған.

“The Qazaq Times”