Брюссельде Каталонияның тәуелсіздігін қолдаушылардың шеруі өтті. 45 мыңға жуық шеру қатысушылары Еуроодақтың штаб-пәтерінің жанында қызыл, сары және көк түсті Каталонияның туын ұстап, "Оян, Еуропа!" деп ұрандатты. Олар Еуроодақтың Каталониядағы саяси дағдарыс кезінде Испанияны қолдағанына наразы. Бұл туралы AFP ақпараттық агенттігі жазды. 

Жиналған көпшіліктің алдына шығып, сөз сөйлеген Каталонияның бұрынғы басшысы: "Сіздер бұрын-соңды қылмыскерлерді қолдаған шеруді көргенсіз бе? Жоқ!",- деді. Ол бұл пікірі арқылы Испанияның өзіне қатысты айып тағып отырғанын меңзеген сияқты. Сепаратистік қозғалыс қатысушылары Карлес Пуджемонтқа "Президент, Президент" деп айқайлады.

AFP тілшілерінің оқиға орнынан жасаған репортажында шеру қатысушылары Еуропа мемлекеттерінің Испания билігінің Каталонияда өткен референдум қорытындыларын қабылдауына ықпал етуін талап ететіндерін айтады. 73 жастағы Монтсеррат Манте: "Біз бүгін Еуропаға  Испанияда демократия жоқтығын айтуға,  көрсетуге келдік", -дейді.

Ұйымдастырушылар шеруге 20 мыңға жуық адам келеді деп күткен. Нәтиже алдын-ала болжаған саннан екі есеге артық болды. Каталандықтардың көбі түнделетіп көлік, автобуспен 1 мың 300 км еңсеріп келген.

Испания осы аптада бас бостандығынан айырылу қаупінен сақтанып, Брюссельге кеткен Карлес Пуджемонт пен Каталонияның бұрынғы 4 министріне жарияланған Еуропалық тұтқындау туралы ордердің күшін жойғанымен, экс-басшылар әлі де Отандарына оралу туралы шешім қабылдамады.

Испания Премьер-министрінің орынбасары Сорайя Сантамария 21 желтоқсанда өтетін Каталония Президентінің сайлауына қатысуға ниет білдірген Карлес Пуджемонтты: "Әдетте кандидаттар сайлауалды кампаниясын өткізіп, халықтың алдына келуші еді. Бүгін сайлаушылар кандидаттың алдына өздері барып отыр" деп, келеке қылды.

“The Qazaq Times”