Телекөпір барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент қаласындағы «Химфарм» акционерлік қоғамының қатты дәрілер шығаратын цехын іске қосты, деп хабарлайды ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мәлімет бойынша, жалпы құны 13,5 млн АҚШ доллары болатын бұл жоба кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жүзеге асырылған. Өнімнің 80 пайызы ішкі нарыққа, қалған 20 пайызы экспортқа жіберіледі деп жоспарлануда.

72 адам жұмыспен қамтылып, олардың басым бөлігі арнайы Polpharma тобының үздік өндіріс орындарында оқып келген. Компанияның бас директоры Ижи Урбанецтың сөзінше, бұл осымен төртінші болып ашылған цех.

«Біз жалпы көлемі 108 млн доллар көлемінде инвестиция құюды жоспарлап отырмыз. Жаңа цехты іске қосқаннан кейін экспорттық әлеуетімізді 5 млрд теңгеге жеткізе аламыз», - дейді Урбанец.

Бүгінгі таңда зауытта 1200-ден астам жоғары білікті маман жұмыс істейді. Өндірістің барлығы әлемдік сапа стандартына сай келеді. Салалық GMP стандарына толық сай келетінін бұл цехта жылына түрлі дертті емдеуге арналған 20 миллионнан астам қорап дәрі шығарылады. Алдағы уақытта цех жылына 600 миллион таблетка шығаруды жоспарлап отыр.

 “The Qazaq Times”