Түркия полициясы оппозициялық саясаткер Фетхуллах Гүленнің жиені Салман Гүленді тұтқындады – деп хабарлайды Haberturk телеарнасы.

Жергілікті БАҚ өкілдерінің мәліметінше, бүгін Түркия құқық қорғау органдары Анкара қаласында Фетхуллах Гүленмен қатысы бар оппозициялық ұйымдарға қарсы арнайы операция өткізген. Операция барысында Фетхуллах Гүленнің жиені Салман Гүлен ұсталған. Анкара қаласының бас прокуратурасы Салман Гүленнан бөлек, Фетхуллах Гүленге қатысы бар 87 адамды тұтқындауға рұқсат берген. Бүгіннің өзінде прокуратура тізіміндегі 47 адам қамауға алынған.

Естеріңізге салайық, бұған дейін 2016 жылдың қазан айында Измир қаласында Фетхуллах Гүленнің інісі Құтбеттин Гүлен тұтқындалған болатын. Жалпы, Түркия билігі осы уақытқа дейін елде 2016 жылдың шілде айында мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болды деген күдікпен 50 мыңнан астам адамды ұстап, 140 мың адамды қызметінен босатқан.

“The Qazaq Times”