Оңтүстік Қазақстан облысы 2017 жылдың 10 айында салық түсімі бойынша мәліметтерді жариялады. Белгіленген мемлекеттік бюджет жоспары 245 млрд теңге болан, бірақ нақты 251 млрд теңге өндірілген. Бұл туралы ОҚО  әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Алтынсары Үмбетәлиевтің мәліметінше, мемлекеттік бюджет түсімдерінің өсу қарқыны 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда едәуір артқан.

«Республикалық бюджетке межеленген жоспар 151 млрд теңге болса, ол 101 пайызға орындалып, 152 млрд теңгені құрады. Ал, жергілікті бюджет бойынша, 94 млрд. теңге жоспарланса, нақты 99 млрд. теңге өндірілді. Нәтижесінде жоспар 106 пайызға орындалып, жергілікті бюджет қоржынына артығымен 5 млрд. теңгенің қаржысы түсті», - дейді департамент басшысы.

Мәліметтерге сенсек, қазіргі кезде Оңтүстік Қазақстан облысында 216 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілдері жұмыс атқарып келеді екен. Осы субъектілерден осы жылдың 10 айында мемлекеттік бюджетке 104,6 млрд теңге көлемінде салық түскен.

Облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан салықтық тексерулер саны 2017 жылы былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 57 пайызға кеміген.

Бұдан бөлек, облыстың сыртқы тауар айналымы осы жылдың он айында 1 млрд. 438 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде тауар экспорты 5 пайызға, ал тауар импорты 36 пайызға  көбейген.

“The Qazaq Times”